ОРАЛ. 7 қазан. ҚазАқпарат - Болгарияның Бургас қаласында өткен самбодан ардагерлер арасында әлем чемпионатында батысқазақстандық Қазболат Құрмашев жеңімпаз атанды.
Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан Әскербек Нұрмұқановтың хабарлағанындай, Қазболат 62 келі салмақта 50-55 жастағылар арасынан үздік шықты. Ол осымен ардагерлер арасында бесінші рет әлем чемпионы атанып отыр. Сол секілді Қамеш Исмағұлов күміс, Ержан Абатов, Рашид Наурызалиев, Тарих Төлегенов өз салмақтарында және жас ерекшеліктеріне қарай қола жүлдені еншіледі.
Мұның алдында Нариман Қайырманов грек-рим күресінен Босния және Герцоговинаның Сараево қаласында ардагерлер арасында өткен әлем біріншілігінде күміс медальға қол жеткізген болатын. Өткен жылы да күміс жүлдені иеленген Нариман халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормасын орындап отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).