Батысқазақстандық ғалым ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті болып сайланды

ОРАЛ. 27 маусым. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Өсімдік шаруашылығы және егіншілік» кафедрасының профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Бейбіт Нәсиев ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті болып сайланды.

ҚР ҰҒА-ның таяуда Алматы қаласында өткен жалпы жиналысының сессиясында ұйым президенті, академик Мұрат Жұрыновтың атап өткеніндей, академия қатары болашағынан үміт күттіретін, талантты жас ғалымдармен толықтырылды.

1990 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетін бітірген Бейбіт Нәсиұлы содан кейін Бүкіл Ресей жемшөп шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына түсіп, 1994 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. 2003-2006 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық ауыл шаруашылығы университетінде академик Рахымжан Елешевтің басшылығымен докторантурада оқыды. 2007 жылы докторлық диссертациясын қорғаған ғалым содан бері Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да еңбек етеді. Университеттің кәсіптік практика және студенттік мансап департаментінің директоры. 4 монография, 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Оның жетекшілігімен 7 магистрант даярланды. «ЖОО-ның 2009 жылғы үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері.