ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшылар Ерболат Байбатыров пен Нұрбол Серіков Мәскеу қаласында самбодан алты мәрте әлем чемпионы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері Асламбек Аслахановтың жүлдесі үшін өткен әлем кубогы кезеңінің жүлдегері атанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, аталмыш жарысқа 15 елдің самбошылары қатысты. Ерболат 57 келі салмақта күміс жүлдегер атанса, Нұрбол 68 келіде үшінші орынға көтерілді.
Ерболат Байбатыров қазіргі кезде 12-16 қараша күндері Марокконың Касабланка өтетін самбодан әлем біріншілігіне дайындалуда.
Айта кетейік, Берік Жұмағалиев пен Райымбек Меңдіғалиев жаттықтыратын Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Е.Байбатыров осыған дейін төрт мәрте әлем чемпионы атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).