Батысқазақстандық қос тоғызқұмалақ шебері Азия чемпионатына қатысады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық тоғызқұмалақшылар Әсет Қайыржанов пен Жарасхан Сағынбаев алдағы жылы Қытайда өтетін ІІІ Азия чемпионатына Қазақстан құрамасы сапында қатысады.

Тоғызқұмалақтан БҚО құрамасының аға бапкері Дәулет Әбідкәрімовтің айтуынша, олар бұл жолдаманы жуырда Ақтау қаласында жастар арасында тоғызқұмалақтың классикалық және блиц түрінен өткен ел чемпионатының қорытындысына сәйкес иеленді. Жас ерекшеліктеріне қарай 16, 18 және 20 жастағылар арасында ұйымдастырылған жарысқа еліміздің он төрт облысы мен Астана, Алматы қалаларынан 200-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.

Классикадан 18 жастағылар арасынан Ж.Сағынбаев жеңімпаз атанса, Ә.Қайыржанов үшінші орынды иеленді. Блицтен Әсет бірінші, Жарасхан үшінші жүлдені еншіледі. Енді олар құрлықтық додаға дайындалмақ.