Батысқазақстандық құқық қорғау органдары Құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкес жаңа міндеттерді нақтылады

ОРАЛ. Қыркүйектің 14-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Қыркүйектің 14-інде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің залында облыс прокуроры Жақсылық Байтұқбаевтың төрағалық етуімен 2010-2020 жылдарға арналған ҚР Құқықтық саясат тұжырымдамасын талқылауға арналған облыс құқық қорғау органдарының ведомствоаралық кеңесі болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кеңеске қатысушылар жаңа тұжырымдамаға сәйкес елде құқықтық мемлекет қағидаларын одан әрі орнықтыруда құқық қорғау органдары алдында тұрған міндеттерді нақтылады. Ең бастысы, әр адамның конституциялық құқығы мен еркіндігін сақтауға кепілдік бере отырып, барлық мемлекеттік органдар, лауазымды қызметкерлер, азаматтар мен ұйымдар өз міндеттерін бұлжытпай орындауы тиіс.

Қылмыспен күрес, оны толық ашу, қылмыс жасағандарды әшкерелеп, жауапқа тарту, заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау құқық қорғау органдарының басты міндеті болып қала бермек.

Кеңес соңында Жақсылық Байтұқбаев аталған құжатты әр құқық қорғау органы қызметкері оқып-үйреніп, соған сәйкес іс-қимыл жасап, тұрғындар арасында жан-жақты түсінік жұмысын жүргізудің қажеттігін атап көрсетті.