ОРАЛ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Жәнібек ауданы Қамысты ауылындағы Е.Ниетқалиев атындағы мектептің түлегі Жанаргүл Махамбет «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваның білім грантын жеңіп алды.
Ол енді алдағы уақытта Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің әлеуметтік педагог және өзін-өзі тану факультетінде білім алатын болады. Жанаргүлдің әкесі дүниеден озған. Анасы Алмагүл Қартмамбетова отбасындағы үш баланы бір өзі тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Аталмыш білім грантының иегерін аудан әкімі Берік Есенғалиев анасымен бірге қабылдап, болашақ мұғалімге сәттілік тіледі.
Аудандық білім беру бөлімі биыл мектеп бітіруші түлектердің ішінен үш оқушыға жоғары оқу орнына түсу үшін республикалық «Бөбек» қорының президенті Сара Назарбаеваның білім грантын ұсынған болатын. Тегісшіл және Е.Ниетқалиев атындағы жалпы білім беретін орта мектептерден ұсынылған үш түлектің оқуға озық, үлгілі тәртібімен қатар көп балалы отбасынан шыққандығы қаперге алынды. Аталмыш білім гранты республика бойынша 70, соның ішінде БҚО-да бесеу болса, соның біреуін Жанаргүл иеленіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).