ОРАЛ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Оралдық оқушылар Өскемен қаласында өткен белгілі ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, республика бойынша атаулы мектептердің негізін салушы, педагог Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің дәстүрлі халықаралық олимпиадасынан олжалы оралды.
Биылғы олимпиада Қ.Бітібаеваның ұстаздық қызметінің 45 жылдығымен тұспа-тұс келуімен де ерекшеленді. Олимпиада шарты бойынша сайысқа әр облыстан 4 оқушы (қазақ және орыс мектептерінен екі-екіден) қатысып, еркін тақырыптарға шығарма жазу, қазақ әдебиеті пәніне қатысты сұрақтарға жауап беру турлары бойынша бақ сынады.
Олимпиадаға алғаш рет қатысып, батысқазақстандықтардың намысын қорғаған Орал қалалық №27 мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы А.Зайнулина екінші, №35 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы М.Муксенова үшінші, осы мектептің 9-сынып оқушысы А.Доля мен №27 мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Қ.Қадим төртінші орындарды алды. Бұған қоса Қымбат Қадимге «Жас тілші» аталымы берілсе, Анастасия Доляға разы болған Қанипа Омарғалиқызы өз қолымен «Қазақтың Қанипасы» атты кітапты табыстады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).