ОРАЛ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық полицейлер облыс орталығында есірткі затын сатумен айналысып жүрген Орал қаласының 29 жасар тұрғынын қолға түсірді.
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағанындай, ол «Променад» сауда үйінің жанында С. есімді азаматқа есірткі затын бірнеше рет сатқан. Сараптама қорытындысына сәйкес аталған зат салмағы 5,15 грамм гашиш екені анықталды. Сондай-ақ тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде оның үйінен жалпы салмағы 0,91 грамм марихуана, 28,28 грамм гашиш есірткі заттары табылса, автокөлігін тексеру кезінде 4,45 грамм гашиш тағы шықты. Барлығы 37,88 грамм гашиш және 0,91 грамм марихуана тәркіленді.
Қазіргі уақытта ұсталған азамат ҚР ҚІЖК-нің 132-бабы бойынша Орал қаласының уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).