ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батысқазақстандық спортшы Темірлан Ихсанғалиев Теміртау қаласында әлем чемпионы Балтабек Қызметті еске алуға арналған ерлер арасында самбо және әскери самбодан ашық металлургтер кубогының жеңімпазы атанды.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан өңірлерінен ғана емес, сондай-ақ Ресей, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Грузия елдерінен самбошылар қатысқан сайыста Темірлан 82 келі салмақта үздік шықты. Тағы бір батысқазақстандық Миржан Бақтыбаев қола жүлдені иеленді.
Айта кетейік, Темірлан Ихсанғалиев көптеген жарыстардан олжалы оралып келеді. Соның ішінде өткен жылы Перудің Лима қаласында қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогы үшін жарыста қола жүлдегер атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).