ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жедел іздестіру шаралары барысында Зеленов ауданы Богатск ауылындағы «Погодаев» шекара бекетінде өзбек елінің 39 азаматы ұсталды.
2029-әскери бөлімінің аға офицері, капитан Манарбек Қарекеновтің айтуынша, олар ҚР көші-қон заңдылығын бұзып қана қоймай, жалған құжатпен жүрген. Атап айтқанда, 34 адамның жұмыс жасауға жалған құжаты болған. Іс жүзінде бұл азаматтар бау-бақша өсірумен айналысқан. Олардың үшеуінде көші-қон карточкасы болмаса, 18-інде елде болу мақсаты бұзылған.
Қазіргі кезде 39 өзбек азаматының ісі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 394-бабы 3-бөлімі және 396-бабы 4-бөлімі бойынша БҚО ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасына берілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).