Батысқазақстандық сот қызметкерлері ардагерлермен кездесті

ОРАЛ. Сәуірдің 30-ы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қалалық сотының судьялары мен қызметкерлері соғыс ардагерлері Иван Гапичпен және Хамза Сафинмен, тыл ардагері Бижан Иманғалиевпен кездесті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ардагерлер өздерінің майдандағы және бейбіт өмірдегі тағдырлары туралы сыр шертісті. Сол бір сұрапыл жылдарда соғысқа сұранып аттанған И.Гапич майданда байланыс полкінде болды. Соғысты Москва түбінде бастап, кеңес жауынгерлері Кенисбергті алғаннан соң аяқтады. Соғыстан кейін ол заңгерлік мамандық алып, ұзақ жылдар прокуратура органдарында қызмет жасады. Соның ішінде 20 жыл Орал (қазіргі Батыс Қазақстан) облысы прокурорының бірінші орынбасары болды. 1945 жылы Жеңіс шеруіне қатысқан майдангер енді Мәскеуде өтетін Жеңістің 65 жылдық тойына да аттанбақ.

Соғысқа он алты жасында сұранып атанған Х.Сафиннің де естелігі тыңдаушыларды бей-жай қалдырған жоқ. Майданда бірнеше рет ауыр жарақаттанып, мүгедектік алып қайтқан ол соғыстан кейінгі жылдары денсаулығының кемістігін елеместен, партия, кеңес органдарында, облыстың іргелі құрылыс ұйымдарында жауапты басшылық қызметтер атқарған. Зейнеткерліке шыққаннан соң жиырма жылдай уақыт бойы облыстық мүгедектер қоғамын басқарған.

Ал балалық шағы соғыс жылдарына тұстас келген Б.Иманғалиев - тылда еңбек етіп, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда оқып, жоғары заңгерлік мамандық алған қазақ зиялыларының өкілі. Ол өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында 14 жыл Батыс Қазақстан облыстық сотына төрағалық еткен.

Кездесуде Орал қалалық сотының төрағасы Ғалымжан Ищанов ардагерлерге сот қызметкерлері атынан ризашылық білдіріп, ескерткіш сыйлықтар табыстады. Ардагерлер соңғы жылдары үлгі жобамен алқабилер сотына арналып салынған осы сот ғимаратын аралап көріп, ескерткіш суреттерге түсті.