ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ресей волейбол федерациясының шақыруымен халықаралық дәрежедегі төреші, батысқазақстандық Әсел Ғұбашева Екатеринбург қаласында Ресейдің бірінші Президенті Борис Ельциннің кубогы үшін волейболдан әйелдер командалары арасында ХІІІ халықаралық турнирге қазы ретінде қатысып қайтты.
Жарыс барысында жақсы өнер көрсеткен Ресей құрамасы кубокты жеңіп алды. Шешуші бәсекеде олар Қытай құрамасын 3:0 есебімен ұтты. Осы кездесуге қазақстандық Әсел Ғұбашева төрелік етті.
Турнир жеңімпаз-жүлдегерлерін марапаттау рәсіміне Б.Ельциннің зайыбы Наина Ельцина, Ресей құрамасының атақты бапкері Николай Карполь қатысты.
Айта кетейік, осы жарысқа қатысқан Қазақстан ұлттық құрамасы Израиль, Қытай, Ресей, Чехия құрамаларынан жеңіліп, соңғы, бесінші орынды еншіледі. Дегенмен ресейлік құрамамен ойында қазақстандықтар алғашқы екі партияда терезесі тең ойын өрнегін көрсете білді. Енді қазақстандық қыздар Талдықорған қаласында өтетін Әлемдік Гран-придің «N» тобында Австралия, Куба, Алжир құрамаларымен сынға түседі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).