Облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Зәуре Ғұмарованың айтуынша, апелляция қорытындысын есептемегенде, түлектердің орташа балы 78,15-ті құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен (77,39) сәл жоғары.
Облыс бойынша ең жоғары (123 балл) балды жинаған Орал қаласындағы академик А.Тайманов атындағы №34 орта мектептің түлегі Әзиза Әжіғалиева. Теректі ауданындағы «Үміт» тілдер гимназиясының 24 шәкірті орташа 114,8 балл жинап, өңірде облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатынан кейін (115,29) екінші орынды еншіледі. Бұл білім ордасынан «Алтын белгіге» үміткер 11 түлектің барлығы өз білімін қорғап шықса, «Ерекше аттестаттан» дәмелі 9 түлектің 8-і көздеген межеден көрінді. Облыс бойынша «Алтын белгіден» 209 шәкірттің 89-ы, «Ерекше аттестат» бойынша 120-ның 34-і ғана бәйгеден сүрінбей келді.
Аудандар бойынша Тасқала 87,04 балмен көш бастап тұр. Одан кейін Теректі (86,67), Орал қаласы (84,13), Бөрлі (82,55), Зеленов ауданы (79,30) түлектері келеді. Ал Бөкей ордасы (68,57), Жаңақала (69,22), Ақжайық (69,25) аудандары мектептері көш соңында қалды. Сол секілді Сырым (70,88), Қазталов (71,43), Жәнібек (77,14) аудандары облыс бойынша төмен нәтиже көрсетті.