БҚМУ-дың ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Иманғалиев Жолдаудың басты бағыттарына, аталмыш жоғары оқу орны алдындағы міндеттерге тоқталды. Асхат Сәлімұлының айтуынша, келесі жылы университет ұжымы 1,5-2 мың студент қабылдауға күш салуы тиіс. Сондай-ақ осы оқу орнына 2013 жылы жаңа мамандықтар: дінтанушы мен мектепке дейінгі тәрбие бойынша студенттер қабылдау міндеті қойылып отыр. Яғни, күн өткен сайын қоғамдық өмірде сол мамандықтарға ділгерлік өткір сезілуде. Сондай-ақ ректор жастарды жүгенсіздік пен шектен шығушылықты ту еткен жалған діни ағымдардан сақтануға және соларға қарсы күресті күшейтуге шақырды.
Жиында Жолдаудың түрлі бағыттарына орай ой қозғаған БҚМУ ардагерлер кеңесінің төрағасы, ғылым кандидаты Қалам Сүйіншәлиевтің, аталмыш жоғары оқу орнының стратегиялық даму және сапа департаментінің директоры Олег Юровтың, тарих факультетінің деканы, ғылым кандидаты Саялбек Ғиззатовтың, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиевтің, экономикалық қағидат және кәсіпкерлік кафедрасының деканы, ғылым докторы Лилия Мерғалиеваның, төртінші курс студенті, жаратылыстану-география факультетінің студенттік деканы Қуаныш Еслямовтың хабарламалары тыңдалды.
Соңынан нақты міндеттер белгіленген қаулы қабылданды.