ОРАЛ. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде БҚО кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен «Болашақ жастардікі» облыстық жастар қоғамдық қорының қолдауымен университет бітіруші түлектерге арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізілді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай жәрмеңке аталмыш оқу орнында соңғы екі айдың ішінде осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Соның арқасында университетті биыл бітіретін 1374 студенттің 182-сі қазірдің өзінде тұрақты жұмыс орнын тапса, 152 түлек «Жастар машығы» бағдарламасы бойынша жұмысқа алынатын болды. Осы жолғы жәрмеңкеге қатысқан облыс көлеміндегі 76 мекеме мен Ақтөбе және Атырау облысынан келген өкілдер барлық талапқа сай келген жастарды қажет мөлшерде кідіріссіз жұмысқа қабылдайтынын айтты.
Жәрмеңке алдында өткізілген семинар-кеңеске қатысқан БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Ақмарал Сәрсенова түлектерді «Жастар машығы» бағдарламасымен таныстырып, оның маңызына тоқталса, «Болашақ жастардікі» облыстық жастар қоғамдық қоры «Жастарды жұмысқа орналастыру» орталығының атқарушы директоры Саржан Ибатов өздерінің жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында жан-жақты жұмыстанып жатқанын айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).