ОРАЛ. 9 қараша. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің студенттері арасында «Бұрымды ару» байқауы өтті.
Бойжеткен сұлулардың қолаң шашын өзгелерге үлгі ету, кеңінен насихаттау, қыздарға тән нәзіктік, инабаттылық, ізеттілік қасиеттерін дарыту мақсатында өткен сайыста ақылына көркі сай, өріміне шашбауы жарасқан 9 ару бақ сынады. «Шолпысы сылдырлап», «Мен - қазақ қызымын», «Шашбаулым», «Зерделі болса үкілім», «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» және «Он саусағынан бал тамған» деген алты бөлімде бұрымдылар өнерлерін ортаға салып, көрерменді тәнті етті. Әсіресе, Айсана Хасен қолдан жасалған бұйымдарымен таңқалдырса, Жанаргүл Бисенова мың бұралған биімен, Алтынай Амандүрдиева тамылжыған әнімен жиылғандарды қуанттты.
Әдемі ән, көркем бимен өрілген байқауда бір басына жеті өнер де аздық ететін Айгерім Қауен сан қырынан танылып, «Бұрымды ару» атағын жеңіп алды. Айсана Хасен «Өнерлі ару», Самал Ахметқалиева «Көрермен көзайымы», Алтынай Амандүрдиева «Инабатты ару» атанды.
Алдағы уақытта бұл сайыс өзге факультеттердің арасында да оздырылмақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).