ОРАЛ. 17 қаңтар. ҚазАқпарат - М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері арасында «Денсаулық» спартакиадасы өтуде.
Биыл 56-ыншы рет ұйымдастырылып отырған шараның ашылу рәсімінде университет проректоры Түймеш Дәрішева мұның мақсаты университет оқытушылары мен қызметкерлерін спорт түрлерімен айналысуға дағдыландыру, салауатты өмір салтын насихаттау, университеттегі ардагер ұстаздар мен жас мамандар арасын жақындатып, сабақтастық орнату екенін айтып өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Спартакиаданы ұйымдастыруға университеттің кәсіподақ ұжымы, «Ақжайық» спорт клубы, дене тәрбиесі кафедрасы белсене атсалысты. Жарысқа М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың барлық факультеттері, колледж және университет әкімшілігінен құралған командалар қатысты. Олар волейбол, шағын футбол, шахмат, дойбы, үстел теннисі, дартс, арқан тартыс ойындары бойынша сынға түсуде.
Апта аяғында университет ұжымы Жайық жағалауына шаңғымен серуендеуге шығуды жоспарлап отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).