Батысқазақстандық университетте «Тіл мәртебесі - ел мәртебесі» айлығы басталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Тіл мәртебесі - ел мәртебесі» атты тілдер айлығы басталды.

Оның ашылу рәсімінде университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғизатолла Имашевтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес қазіргі таңда мектеп табалдырығынан бастап, ЖОО-ларға дейін үш тілділік саясаты жүзеге асырылуда. Осыған орай айлық аясында филология факультетінің бастамасымен тілші-ғалымдармен, қоғам қайраткерлерімен кездесу, «Біз - Махамбет ұрпағымыз» атты Махамбет өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысы, «Ана тілім - алашымның айбыны» деген тақырыпта жас ақындар мүшәйрасы және басқа шаралар ұйымдастырылмақ. Тілші-ғалым, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы БҚО бөлімшесінің төрағасы Болат Жексенғалиевтің айтуынша, мемлекеттік тілдің өз мәртебесіне сай қолданылуы ең алдымен қоғамға, адамдардың өздеріне байланысты. Ең бірінші кезекте қазақ тілі күнделікті қарым-қатынас тіліне айналуы керек. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 95 пайызы мемлекеттік тілде сөйлеуі керектігін алға қойғаны мәлім. Бұл межеге де көп қалған жоқ. Алайда, қазақ тілін меңгерудің қазіргі қарқыны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе, қазақ тілінде сөйлеу мәдениетінің төмендігі, қазақ кітаптары таралымының азайып кетуі сынды толғақты мәселелер түбегейлі шешуді қажет етеді. Осыған орай, Төрегелді Шарманов, Мырзатай Жолдасбеков сынды ұлт зиялыларының рухани құндылықтардың құлдырап, соның ішінде сөз қадірінің кетіп бара жатқаны жөнінде дабыл қағуы орынды. Сондықтан әркім өз тілін, сонымен қатар дүниежүзілік ағымнан қалмау үшін өзге тілдерді де меңгере білуі шарт. Республикалық додаларда жүлде алып жүрген Жарқынбек Шынтаев, Марлен Ғилымханов сынды жас ақындар тіл туралы толғамдарын арнаса, өзге де студенттер өз өнерлерін көрсетіп, кеш мерейін арттыра түсті.