ОРАЛ. ҚазАқпарат - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің қос бірдей оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, кәсіптік практика және түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімінің басшысы Бейбіт Нәсиев пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, доцент, агрономия факультетінің деканы Диамара Төлегенова ҚР Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды.
Университеттен Динара Есентаеваның хабарлағанындай, аталған ғалымдар 2015 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі үздік 200 оқытушының қатарына еніп, грантқа ие болды.
Айта кетейік, Бейбіт Нәсиұлы аталмыш грантты осымен екінші рет иеленіп отыр. Ол 2009 жылдың қорытындысы бойынша да озық шыққан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).