ОРАЛ. Ақпанның 18-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы дарынды балаларға арналған С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық мектеп-интернаты кешенінің 10-сыныбында оқитын Оралбек Ысқақ ақпанның 18-інде «Дарын» қосымша білім беру орталығында мәреге жеткен облыстық Мұқағали оқуларының бас жүлдегері атанды.
Аталмыш мектеп директорының қоғамдық-гуманитарлық бағыт жөніндегі орынбасары Көшербай Төкестайдың ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, Оралбек он тоғыз үміткердің арасынан үздік шықты. Биыл Мұқағали оқуларының шарты әлдеқайда күрделірек болды. Қатысушылар «Менің пірім - Мұқағали» атты бірінші кезеңде Мұқағали Мақатаевтың бір өлеңін мәнерлеп оқыса, «Жауқазын жыр жанымды жүр мазалап» бөлімінде ақынға арналған өз жырын қазылар назарына ұсынды. «Жыр эстафетасында» үміткерлер ақынның «Қырандар, қош болыңдар», «Райымбек, Райымбек» дастандарын жатқа оқыса, одан кейін берілген ұйқасқа табан астында өлең құрап, сондай-ақ «Өлеңнен өрілген ой» сынында жырдың идеясы мен мән-мазмұнын түсіндірді. «Мұқағалиды кім көп біледі» сайысы және бар.
Осының бәрінен сүрінбей өткен О.Ысқақ енді республикалық байқауға қатысады. Өткен жылы ол республикалық Абай оқуларында жүлдегер атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).