ОРАЛ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Санкт-Петербор қаласында өткізілген дойбыдан әлем чемпионатында батысқазақстандық Алтынай Жұмагелдиева үздік өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш біріншілікке әлемнің 21 елінен 204 спортшы қатысып, жас ерекшелігіне қарай 10, 13, 16 және 20 жасқа дейінгі төрт топқа бөлініп, күш сынасты. 16 жасқа дейінгілер арасында сынға түскен Орал қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (директоры Ерлан Қайырман) тәрбиеленушісі А.Жұмагелдиева ойынның классикалық түрінен алтыннан алқа тақты. Аталған мектептің тағы бір шәкірті, сегіз жасар Айна Қабдрахимова дойбының жылдам түрінен күміс медальға қол жеткізді.
Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есеп бойынша өз тарихында тұңғыш рет екінші орынды иеленсе, оның сапында бес бірдей оралдық дойбышы өнер көрсетті. Аталған екеуінен басқа - Алмаз Сәдуақасов, Виктор Зайцев және Әлия Камалова.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).