ОРАЛ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Нүркен Ғұбашев Шымкент қаласындағы Оңтүстік-Батыс мал және егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында «Сиыр еті өндірісі үшін таза тұқымды өсіру және будандастыру барысында қазақ ақбас сиырларының генетикалық әлеуетін тиімді қолдану» деген тақырыпта докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жас ғалымның ғылыми жетекшісі - аталмыш университет ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов. Қазақ ұлттық аграрлық университеті диссертациялық жұмысқа сарапшылық жасап, белді ғалымдар еңбекке жоғары баға берді. БҚО-ның «Айсұлу» және «Чапаев» асыл тұқымды мал зауыттарында, Ақтөбенің «Тоқмансай» ЖШС-ында және Орынбор облысының Пушкин атындағы ЖШҚ-да зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазақтың ақбас сиырын өсірудің ұтымды жолдары сараланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).