ОРАЛ. ҚазАқпарат - Белгілі ақын Қайрат Жұмағалиевтің туған күніне орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Қаламы қайратты ақын» атты кітап көрмесі ашылып, еске алу кеші болды.
Өткен жылы ғана өмірден озған ақын әдебиет айдынында жарты ғасыр бойы өнімді еңбек етті. Ең соңғы кітабы - «Жарық дүниені» еліне, Ақ Жайыққа оралғаннан кейін шығарды.
Кездесуде ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков, әдебиетші, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Серікқали Шарабасов естеліктерімен бөлісіп, Қайрат Жұмағалиев туралы жылы сөздерін айтты. Ақын өлеңдері оқылған шара оның көпке танымал «Анашым» әнін орындаумен аяқталды.
Қайрат Жұмағалиевті еске алу шаралары Батыс Қазақстанда бұдан кейін де жалғаспақ. Айталық, «Жайық Пресс» ЖШС ақынды ұлықтауға арналған жыр мүшәйрасын ұйымдастырып отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).