ОРАЛ. ҚазАқпарат - М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жазушы, драматург, аудармашы Берқайыр Аманшиннің (1924-1985) 90 жылдығына орай «Жұмыр жерден жұртымды іздеп келемін» атты еске алу кеші өтті.
Онда университеттің қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтитегі Қаратөбе өңірінен түлеп ұшқан Берқайыр Аманшиннің өмірі мен шығармашылығына тоқталса, магистрант Индира Әбдірахманова баяндама жасады. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков айтулы қаламгер туралы естеліктерімен бөліссе, университет оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Роза Мұхамбетқалиева, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Сара Кенжебаева жазушы мерейтойының бұдан да кең көлемде атап өтілгені жөн деген пікірлерін білдірді.
Айта кетейік, Берқайыр Аманшин өз өмірінде көптеген прозалық, поэзиялық шығармалар, пьесалар жазды. Соның ішінде Махамбеттің ғұмырын өмір бойы зерттеп, «Махамбеттің тағдыры» атты романын кейінгі ұрпаққа қалдырып кетті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).