ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің батыс өңірлерінде Көрісу айты кеңінен тойлануда.
Бұл күні жастар жағы ақсақал, әже, ата-ана, жақын-жуықтарына барып, қос қолын беріп, құшақтасып көріседі. Үлкендер қыстан аман шыққандығына шүкірлік етіп, батасын береді. Бұл мерекені Маңғыстау облысында Амал деп те атайды.
Көрісу айтына орай үлкенді ізет тұтқан Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің төрағаларымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Ақсақалдар дастарханнан дәм татып, ақыл-кеңестерін айтты. Қазақы дәстүрдің аясындағы жиынға дөп келген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков те қарияларға ілтипатын білдірді.
Өңірде Көрісу айтынан басталған шаралар Наурыз мейрамына ұласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).