Жүсіпбек Аймауытов атындағы ауыл орналасқан аумақ кезінде «Жосалы» деп аталған. Жоса дегеніміз — қызғылт-сарғыш түсті бояу топырақ. Оған қоса құрамына темірдің немесе қорғасынның кейбір оксидті туындылары кіретін пигменттер тобының жалпы атауы. Өлкедегі топырақтың қызғылт-сарғыш келетініне орай Жосалы деп аталған. Аумақта кезінде ағылшындар қазған көмір, алтын, күміс, молибден кеніштері бар. Ағылшындар жергілікті жатақтарды жұмысшы есебінде пайдаланғаны мәлім. Кенішті бойлай қонған қазақ ауылдары көп болған. Олардың барлығы Қызылтау болысының иелігіндегі елді мекендер саналған. Әлгі кеніштен қазіргі Павлодар облысының Ақсу қаласына дейін рельсті жол салынып, кен сондағы кеме айлағына тасылған.
Баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, сол уақытта пайда болған жұмысшылар кенті «Көмір» деп аталған. Ауылдың жанындағы жуантөбеге ағылшындар кәдімгі тастан өріп, су мұнарасын тұрғызады. Биіктігі 3-4 қабатты үймен тең ғимараттың геометриялық дәлдікпен салынғаны таңғалтады. Қаншама жылдар өтсе де бір тасы қозғалмаған.
Жергілікті өлкетанушылардың шамалауынша, су мұнарасының салынғанына бір жарым ғасырдай уақыт өткен. Кеңес өкіметі жылдары мұнара толыққанды жұмыс істеп, жергілікті колхозды ауызсумен қамтамасыз еткен. Нысанның төбесіндегі қанатты бетон құймалардың әлі күнге ажырамай бастапқы қалпын сақтап тұрғаны да таңғалдырады. Ғимарат ескілігіне қарамастан күйін бұзбаған. Ал одан әріректе ағылшындар көмірмен жұмыс істейтін электр стансасын да тұрғызған. Оның жарығы жұмысшылар кентіне ғана емес, көмір кеніштеріне жеткізілген. Бұл нысанның қаңқасы ғана сақталып тұр.
Бұған дейін Керекудегі атақты Майра ән салған үйдің тарихы туралы жазғанбыз.