***
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің және қытай халқының Жапониямен соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысты. Елбасының осы сапары жайындағы үлкен мақала «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Сұрапыл соғыс қайталанбасын!» деген тақырыппен берілген. Басылымнң жазуынша, әскери шеру Қытай астанасы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында өтті. Бұл әлемдегі ең үлкен алаңдардың бірі. Әскери шеруге Қытай тарапы ерекше дайындалыпты. Тіпті, бір айдан бері Бейжің көшелерінде айрықша тәртіп орнап, елдік шараға қытай халқы бір кісідей атсалысқан. Ал дәл кешегі күні Қытай астанасындағы жағдай мүлде өзгеше болды. Ұйымдастырушылар діттеген мақсаттарына қол жеткізді. «Қазіргі күні ҚХР-дың бірқатар қаласын азат етуде опат болған сарбаздардың есімдері осы елдегі арнайы мемориалда жазылғанын да атап өтуге болады. Мәселен, Бейжіңнен 245 шақырым жердегі Чжанцзякоу уезінің Чжанбэй қаласында Екінші дүниежүзілік соғыста Қытай жерінде қаза болған кеңес әскерлері мен моң-ғол сарбаздары мемориалы маңында 21 адам жерленген. Олардың арасында Қазақстанның тумалары және еліміздің аумағынан соғысқа шақырылғандар бар. Ескерткіште 13 моңғол және 66 кеңес жауынгерінің аты қашалып жазылған. Олардың арасында А.Жапаров, Т.Өтебаев және Ә.Бербеков секілді аты-жөндер кездеседі», - деп жазады басылым.
Теңгенің еркін бағамға жіберілген күні қара ұзатқан сайын қоғам да сабасына түсіп, өз-өзіне келе бастады. Ел ерге, ер жерге қараған сын сағатта сабырдан айырылмай, экономикалық жағдайға жан-жақты талдау жасап, болашаққа деген сенімін жоғалтпаған экономист-ғалымдар қатарының көбейіп келе жатқаны да дәтке қуат береді. Өйткені, қарапайым халық олардың сөзімен санасып, тыңдайды. Осы ретте «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті жанындағы Жаңа экономика және жүйелік сараптама ғылыми-зерттеу институтының директоры Қуандық Айнабекпен жүздесіп, белгілі ғалымның аталған мәселеге қатысты ой-пікірін білген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұшымды жауап берген ғалым: «Ең алдымен айғайға аттан қосып, дүрлігудің қажеті жоқ. Дәл қазіргі уақытта байбалам салғанның орнына жағдайға байыппен қарап, байсалды қадамдарға баруға тырысу керек. Егер де азаматтарымыздың қолында азын-аулақ доллары болса, оның белгілі бір мөлшерін теңгеге айырбастап, тұрмыстық техника сатып алғандары жөн. Айырбастан кем дегенде 30 пайыз ұтады. Сонан соң, қолдағы ақшаны доллармен сақтағандары жөн деп ойлаймын. Өңірлердегі билік өзінің қыз-метін экономикалық дағдарыстан туындаған проблемаларды шешуге бағыттағаны жөн. Яғни, инно-вациялық дамудың жаңа деңгейіне өту кезеңін тездететін бизнес, ғы¬лым және билік арасындағы байла¬нысқа бастар соны соқпақты іздеу керек», - дейді. Сұхбат «Байбалам емес байыпты ұстаным керек» деген тақырыппен берілген.
***
«Айқын» газетінің бүгінгі санынжа белгілі қобызшы Әбдіманап Жұмабекұлымен арадағы сұхбат «Қара қобыздың құдіретін әлемге танытты» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Шындығын айтсам, біз оқуға түскен жылдары қобызға деген көпшіліктің ынта-ықыласы басқаша болды. Курстағылар бізді бақсы деп те кемсітетін. Оған намыстанғандар болды. Кейін қобыздың құдіретін, керемет дауысы мен сарынын, тыңдағандар мойындады. Бізде Дәулет ағайдың кезінде қобыз¬ды шын сезіндік. Аспапқа деген қызығушылық та сол кезде оянып, түсіне бастадық. Оның үстіне Дәукең табиғатынан керемет сөзуар, шешен адам болатын. Көне тарихи әңгімелерді де көп білетін. Әсіресе, күй тарихына байланысты аңыз-әңгімелерді майын тамыза әсерлі, қызықты етіп айтқанда, ынта-ықыласымызбен беріліп тыңдайтынбыз. Әрі қобызға одан сайын қызыға түсетінбіз. Мысалы, Дәукең әрбір күйді үйреткенде күйдің әуенін оның тарихи мазмұнымен, сюжетімен байланыстыра отырып, сөзбен де, дауыспен әндетіп те айтатын. Оны түсіндірген кезде ол бірден көкейге оңай қонады әрі тез жатталады. Осы әдіспен оқыған біз көп қиналмай-ақ, аз жылда Дәукең үйреткен барлық күйді тез меңгердік», - дейді.
Әлемде бірін-бірі қайталайтын көріністер, құбылыстар көп. Бірақ олардың қай-қайсысы да әйтеуір бір қырынан ерекшеленеді де есте қалады. Егер қайталауға табиғат, басқа да жағдай емес, адамдардың өздері себепші болып жатса ше? Бұл жайында «Айқын» газетінің жұма күнгі нөміріндегі «Қайталауға неге құмармыз?» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. Басылымның жазуынша, әсіресе, қайталау өнерде көбірек көрініс беріп, жұрт назарына бірден ілігіп қалады. Мысалы, Астана мен Алматыда қалаға арнап ән шығару деген бас ауруға айналды. «Елорданың жөні бөлек, ал Алматыңызға қанша ән арнасаңыз да Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымдысы» жүрек түкпірінде тұрады. Ыңылдай қалсаңыз да еске түсетін сол ән. Туған жерге қаншама арнау әндер бар. Соның қайсысы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекенінен» оқ бойы озып тұр? Мұны айтып отырған себебіміз, ән шығарайық, сол ән бұрын кеңінен танымал болған әндерден көш ілгері болсын да. Анаға, қыздарға, жігіттерге, ата-әжеге арналған әндерге қатысты да осыны айтуға болады», - деп жазады мақала авторы.
***
«Вьетнамның халықаралық неке агенттігі қазақстандық ер-азаматтарға өз қалыңдықтарын ұсынуда», - деп жазады «Экспресс К» газеті «Келинка из Сайгона» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, вьетнам қалыңдықтарын жарнамалайтын ақпарат Қазнетте зор табысқа ие болып отырған көрінеді. Бірден айта кетерлігі, бұл жалған ақпарат емес, шындығында да Сайгонның неке агенттігінің шынайы жарнамасы екен. Жеңгетайлар егер 1 жыл толмай жатып келін Қазақстанды жерсінбей қашып кетер болса, орнына басқа қалыңдық тауып беруге де уәде етуде.