Жалпы аумағы 900 гектардан астам жерді алып жатқан шаруашылық жылына 10 мыңға дейін жабайы құс өсіруге қауқарлы, деп хабарлайды 24 KZ.
Бұл Қазақстан мен Араб Әмірлігінің біріккен ортақ жобасы. 2015 жылы осы тұқымбақта күтіп-бапталған құстар біртіндеп табиғатқа еркіндікке жіберіледі.
Қаратау бөктеріндегі Бәйдібек ауданының аумағына салынған тұқымбақта қазіргі таңда 914 бас дуадақ өсіріліп жатыр. Олардың дені осыдан төрт жыл бұрын Шымкентте ашылған шағын тұқымбақта жабайы құстардың ұясынан алынған дуадақ балапандары.
Ғылыми зерттеу орталығын дуадақты қорғау халықаралық қоры өз бақылауына алған. Мұнда шетелден арнайы шақырылған орнитологтар жергілікті мамандарға құс шаруашылығының қыр-сырын үйретуде. Бірнеше жылдан бері Шымкенттегі тұқымбақта еңбек етіп келе жатқан Әлия Сағындықова «дала құсының өте нәзік және сезімтал келетінін байқадым» дейді.
Шаруашылықта құстың аналық басы мен аталығы жеке-жеке торларда өсіріледі. Бөлмелердегі қосылатын жарық та, ауа райы да өзгеше. Аналықтары қолдан ұрықтандырылады және олар тұрған жер салқын. Егер бөлме іші жылып кететін болса, құстар мезгілінен бұрын шала жұмыртқалайды.
Тұқымы құрып бара жатқан соң «Қызыл кітапқа» енгізілген дуадақ - табиғатынан бұйығы және сақ құс. Сондықтан өзге де дыбыстарға бейім өсуі үшін тұқымбақта жасанды дауыстар күндіз-түні қосулы. Мұнда дала құсына қажетті барлық жағдай жасалған. Жемі, суы, тіпті, жеке нөміріне дейін бар. Шаруашылықтағы қай бөлмеде ауаның ылғалдылығы мен температура кандай деңгейде екені автоматты түрде компьютермен бақыланады.
Дуадақ бір кездері еліміздің көптеген аймақтарын мекендеген құстардың бірі. Бертінде оның тұқымы азайып кеткен. Қазір арнайы тұқымбақтар мен оңтүстік өңірлерінде да ғана кездеседі. Оның өзі көшпелі дуадақтар.
Осыдан үш жыл бұрын Араб әмірлігінен әкелінген 7 бас дуадақ Бетпақ далаға тәжірибе ретінде жіберілген. Оның екеуі араға жыл салып барып, ұшырылған мекеніне қайта оралыпты. Табиғат қорықшылары ортаға жылдам бейімделген дала құсының осылайша оңтүстік өңірінде де тез көбейіп кететініне сенімді.