Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында сенатор Икрам Адырбеков осы мәселені көтерді. Еске салайық, отырыста Қазақстан мен Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш айлағында апаттар болған жағдайдағы өзара iс-қимыл тәртiбi туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы Хаттама қабылданған болатын.
«Байқоңырдағы» ең ауыр апат 2006 жылы 27 шілдеде орын алған болатын. Мен сол кезде Протонның ұшу алаңында болғанмын. Зымыран көкке көтерілместен ұшырудың алғашқы секундында-ақ жарылды. Байқоңыр қаласының маңына бір бөлігі, негізгі бөлігі 100-150 шақырым қашықтыққа құлады. Бәріміз зымыранның құлау жолын анық байқап қарап тұрдық. Алайда, біз сол Протонның құлаған орнын екі күн іздедік. Екі күннен кейін орынды тапқанда онда тек шұңқыр ғана қалыпты. Сөйтсек, бізден бұрын Ресей тарапының арнайы құтқару тобы сол сәттен іске кірісіп, сол түннің өзінде зымыранның қалдықтарын алып кеткен. Бұл Қазақстан тарапынан ешқандай да ескертілмеген», - деді И. Адырбеков.
Оның айтуынша, зымыранның құлаған орнынан алынған зертханалық сынамалар гептил деңгейін бірнеше есеге жоғары көрсеткен. Алайда, екі тарап арасындағы келісім бойынша тағы бір аптадан соң алынған сынамада гептилден ешқандай да қауіп анықталмаған. Бұл аталған залалдың ауа мен жерге тез тарап кететінін көрсетеді.
«Сондықтан да, гептилді залалсыздандыру мәселесіне мейлінше көңіл бөлу керек еді. Бұл әлі күнге қаралмай отыр. Апат болғаннан кейін бірден сынамалар алуға кірісу керек. Әйтпесе комиссия құру, оның жұмыс бағыттарын келісуге біраз уақыт шығындаймыз. Бізді гептил мәселесінің әлі дұрыс шешілмеуі ойландырып отыр», - деді сенатор.
Сонымен қатар, депутат Қармақшы ауданында соңғы он жыл ішінде екі мәрте апат орын алғанын алға тартып, ондай апаттың ауданға залалына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Тағы бір өзекті мәселе - апат болған жағдайда жасалатын өтемақы. «Байқоңырда» орын алған Протон апатының соңғысы 2013 жылы болып, Қазақстан келтірілген залалды 13 млрд. 690 млн. теңге деп есептеді. Бұл шынында да солай, өйткені алдындағы 2006 жылғы апатты 11 млрд. теңгеден астам деп бағалаған едік. Ал сонда Ресейдің төлегені бар болғаны 141 млн. теңге ғана. Ал оның себебі біреу жоғарыда айтылғанындай гептил деңгейі шұғыл тексерілмей, залалы да төмендетіп көрсетілген. Сондықтан да, алдағы уақытта қол қойылатын құжаттың бәрінде осы мәселе ескерілуі тиіс», - деді И. Адырбеков.