***
"Егемен Қазақстан" газетiнiң бүгiнгi санында "Соғысқа қатысқан қазақ сардарларының саны қанша?" атты мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Жеңістің 70 жылдығына байланысты тарихшы, журналист Жұмабай Доспановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 10 томдық туындысының таныстырылымы өтті.
От кешкен жылдардағы өшпес ерлік жайындағы шежірені сөйлетуді мақсат тұтқан Жұмабай Доспановтың еңбегін ерлік деп бағалады жиналған жұртшылық. 4 жыл тынбай ізденіп, 10 томдықты дүниеге әкелген автор болса: «Бұл еңбекке екінші дүниежүзілік соғысқа (1939-1945) тікелей қатысқан 8400-ден астам қазақ офицерінің өмірдеректері енгізіліп, әскери шен-лауазымдары, мемлекеттік марапаттары көрсетіліп, кейбірінің майдандағы ерліктері қысқаша баяндалды. Алайда, бұл деректерді жинау оңайға түскен жоқ. Жұмысымның 90 пайызы Мәскеудегі Ресей Қорғаныс министрлігінің мұрағатында жүрді. Өкініштісі, Мәскеу мұрағатында офицерлердің фотосуреттері болмай шықты. Өзім газет редакторымын ғой, газетте мұндай бетті «соқыр бет» дейді. Кітапта да соқыр беттер көп, бірақ та, осы кітап шыққаннан бері менімен хабарласып, әкесінің, я атасының суреттерін жібереміз деп жатқандар баршылық, егер кітап қайта басылса, оның солай суреттермен толығатынына сенімім мол. Деректерді сұрыптауға күн демей, түн демей еңбек еттім. Жұмысыма толық қанағаттандым деп айта алмаймын, Жеңістің 70 жылдығына байланысты кішкене жеделдетуге тура келді», - деген тарихшы өзіміздің жергілікті әскери комиссариаттарға дерек жинастыруда селқостық танытқандарына өкпесін білдірді және қиындықтарға қарамастан, бұл еңбектің жалғасын жазып жатқандығын да жеткізді.
ДСҰ-ға енген Қазақстан енді Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) негiзгi стандарттарына қол жеткiзудi талаптанып отыр, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан".
"Ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан жаңа талаптардың үдесінен шығуды басты міндет санайды. Осы ретте жетуге тиіс негізгі межелердің бірі - әлемдегі белді ұйымдардың стандарттарына сай болу. Бұл тұрғыда еліміздің тәжірибесі айтарлықтай жоғары деңгейде. Тіпті, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміздің өзі көп жайттан хабар береді. Сондай-ақ, таяуда ғана Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді сәтті аяқтадық. Енді Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) бет бұрып отыр", - делiнген « Ендігі меже - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы» атты мақалада.
Басылымның хабарлауынша, Елбасы басты бағдар ретінде ЭЫДҰ-ға мүше елдердің қағидаттары мен стандарттарын пайдалануды ұсынды. Өйткені, экономикалық дамуда аталған ұйымның талаптары жігерімізді жанып, ынтамызды арттыра түседі. Мәселен, ЭЫДҰ-ға мүше елдердегі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) жылдық өсімі 4 пайыздан кем болмауы тиіс. Дегенмен, бұл талапты біздің ел үшін аса қиын деуге келмейді. Сондай-ақ, инвестицияның көлемін 30 пайызға дейін арттыру да негізгі міндеттердің бірі болып саналады.
*** «Айқын» басылымында «Байқоңырды қазақыландыру басталды» деген мақала жарияланды. «Байқоңырда» 14 балабақшада қазақстандық бүлдіршіндер «Президентім - Путин, астанам - Мәскеу» деп ары қарай да тәрбиелене беретін болды», - делiнген мақалада.
Бірақ жақын арада оларды да Қазақстанның құзырына қайтарудың жолдары қарастырылуға тиіс. Бұл туралы кеше сенаторлар айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Жоғарғы палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар Байқоңыр қаласындағы мектептер мен балабақшаларды қазақстандық білім беру жүйесіне көшіруді қарастыратын халықаралық құжатты ратификациялады.
Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің түсіндіруінше, ратификацияланып отырған келісімге сәйкес, Байқоңыр қаласындағы 1 мың 600 оқушы оқитын 6 мектеп және 1 балабақша Қазақстанның білім беру стандарты бойынша білім және тәрбие беруге көп ұзатпай, биылғы 1 қыркүйектен бастап-ақ көшетін болады. «Заң жобасы аталған мектептер мен балабақшаны Қазақстан бюджеті есебінен қаржыландыруды көздейді. 2015-2017 жылдарда қажет етілетін шығыстар 4 миллиард теңгені құрайды. Яғни, жыл сайын бір миллиардтан астам қаражат жұмсаймыз», деді министр.
Оның айтуынша, бүгінде Ресеймен бірлесіп, білім беру ұйымдарын қабылдау-табыстау бойынша комиссия құрамы анықталған. Комиссия 17-18 маусым күндері өзінің алғашқы отырысын өткізіпті. Ресей барлық білім беру ұйымдарында мүліктің толық тізімін жасап, ұсынды.
Интернеттiң қарақшылары ғаламторда ақша ұрлап, есірткі де сататынын бiлетiн бе едiңiз?! «Айқынның» келесi материалында осы тақырыпқа арналған.
«Қазақы ұғымдағы «ұры алыстан келмейді» деген тәмсілді ұмытқан жоқпыз. Алайда ол «ақылыңыздың» бүгінгі күнге жарамайтын түрі бар. Өйткені мына заманның суыққолдылары жаныңызға тіптен жақындамастан, сонау басқа қалада жүріп-ақ ақшаңызды үптеудің жолын үйреніп алды. Қараңыз, енді адам психологиясы мен ақпараттық технологияны шебер меңгергендер үйде отырып-ақ компьютермен кісі бопсалап, ақша табуға көшті. Интернеттің иіріміне терең бойлай білетін қаскөйлер енді осылайша көше кезіп, банк торуылдап, басын бәйгеге тікпей-ақ, ен байлықты иеленетін оңай олжаға құныға түсуде. Осындай әккі жырынды өткен жылдың соңында 40 заңды тұлғаның есепшотынан 3 млн АҚШ долларын суырып алып, бір-ақ сәтте байып шыға келген...», - деп жазады басылым.
«Киберқылмыскерлерден наркокурьерлердің оза шабатын түрі бар. Басқа-басқа, есірткіні күнделікті дүкендерден көретін «Киви-әмиян» арқылы сатылатынын естідіңіз бе? Қазір жеке басының қауіпсіздігін барынша қорғауға көшкен наркотик сатушылар былайғы жұрт та, құқық қорғаушылар да күдіктенбейтін қолданыстағы «әмиянды» осылайша пайдалана бастапты. Сірә, қаскөйлер заманына қарай адамы, заңына қарай амалы деген ұстанымға көшкен сияқты. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, ақпараттық технология дамыған сайын, оны қарау ниетіне пайдаланып қалуды көксейтіндердің де қатары күрт өсе түскен. Мәселен, 2014 жылдың ауқымында киберқылмысқа қатысты 21 іс қозғалса, биылдың өзінде осындай оқиғаға орай 66 іс ашылыпты», - делiнген «Интернеттiң қарақшылары ғаламторда ақша ұрлап, есірткі де сатады» деген тақырыппен шыққан мақалада.
***
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі туралы ресми келіссөздердің аяқталғаны жөнінде маусымның 22-де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми түрде мәлімдеді, деп жазады «Түркiстан».
"Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшеліктен Қазақстан нарығының ұтары не, ұтылар тұсы қайсы? Осы мәселеге келгенде экономикалық және саяси сарапшылардың пікірі екіге жарылды. Сарапшылардың біразы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелік бізге кері әсер етеді, біздің нарық бұл бәсекелестікке төтеп бере алмайды, онсыз да тұралап тұрған ауыл шаруашылығы шетелден ағылатын арзан өнімнен бас көтере алмайды десе, екінші бөлігі - бұл ұйымға мүше болу арқылы біздің сауда кеңістігіміз біршама артады, шетелден әкелінетін автомашиналардың баж салығы арзандайды, шетелдің сапалы бұйымдарына қол жеткіземіз дегенді айтады", - делiнген «19 жылға созылған келіссөз Қазақстанның тиімді шарттарға қол жеткізуімен мәреге жетті» деген тақырыптағы материалда.
«Қалай дегенмен де, алдағы 1 қаңтардан толыққанды мүшесі болатын ДСҰ-ға Қазақстан 162-ші ел боп енбек. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің біразы - Қырғызстан (1998 жылдан), Армения (2003 жылдан), Ресей (2012 жылдан) мүше. Бұл мемлекеттер өзінен кейін мүше болған елдерге өз талаптарын қоя алады және арнайы дауысқа ие», - деп атап көрсетiлген мақалада.
***
Батыс Қазақстан агротехникалық университетiнде Силикон алабында ұялмай көрсетуге тұрарлық 3D-принтерлер шығарылды, деп хабарлайды "Экспресс К" газетi. Ол барлық шетел аналогтарына қарағанда, 20 пайызға өнiмдiрек және әлдеқайда арзан. Оған балқыту арқылы iPhone-ның тысын шығару түкке де тұрмайды. Идея авторларының айтуынша, 3D-принтер өзiн 4 жылда ақтай алады. Толыкырақ, «Принтер-спринтер» атты мақаладан оқи аласыздар.