***
Бүгін Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қояды. Осыған орай, «Егемен Қазақстан» газеті профессор Мұратбек Мұханбеков пен Еуразиялық экономикалық қауымдастығы Кеден одағының жұмыс мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Айдын Мейрамбекұлын әңгімеге тартты. Мақала «Ұтылмаймыз» деген тақырыппен берілген.
А. Мейрамбекұлының айтуынша, 1994 жылы Елбасымыз М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде сөйлеген сөзінде осы идеяны алғаш көтерген болатын. Бұл идеяға биыл 20 жыл толып отыр. Осы аралықта көптеген істер атқарылды. Тарихи тұрғыдан қарасақ, ең бастысы - 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Қоғамдастыққа Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан кірді. Кейін Кеден одағы дүниеге келді. Кеден одағы оңтайлы серпінін бергеннен кейін, Біртұтас экономикалық кеңістік жұмыс істей бастады. Бүгінде Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясында қол қойылған келісімдер 100-ден асып отыр. «Осы атқарылған жұмыстың ең ауқымдысы Еуразиялық экономикалық одақ болып табылады. Бұл одақ еліміздің экономикасының нығаюына ерекше ықпал етеді. Сонымен қатар, Қазақстан, Ресей, Беларуссия бірлесіп әлемнің дамыған, экономикасы мықты елдерімен экономикалық байланыстар орнатуға зор мүмкіндік береді», - дейді А. Мейрамбекұлы.
Ал өз кезегінде, М. Мұханбеков «Ескі технологиялармен де жақсы тауар өндіруге болады. Жақсы технологиямен де затты сапасыз етіп шығаруға болады. Ұтатынымыз - бәсекелестік орта пайда болады. Бұрыннан біз Ресейге бидайымызды, ұнымызды сататынбыз. Қазір бұл тауарларға сұраныс көбейіп отыр. Иран да, Қытай да Қазақстан астығына сұраныс танытуда. Бұдан біз ұтпасақ, ұтылмаймыз», - дейді.
Сондай-ақ, «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында еуразиялық экономикалық интеграцияның тиімділігі мен тартымдылығы туралы «Азия Авто» АҚ президенті Ерік Сағымбаевпен араа болған сұхбатта тұщымды уәж айтылады. Сұхбат «Байтақ нарықты бағындыру - міндетіміз...» деген тақырыппен берілген.
Е. Сағымбаевтың айтуынша, 2010 жылы Кеден одағының құрылуы қазақстандық автоөнеркәсіптің дамуына үлкен ықпалын тигізді.
«Айталық, бірінші кезекте, автонарықтағы бағаны реттеу жүйесінде үйлесімділік пайда болды. «Азия Авто» кәсіпорны қазақстандық зауыттардың ішінде алғашқылардың бірі болып, Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының территориясына кедендік алымдарсыз еркін кіруге мүмкіндік алды. Аталған елдер арасындағы әріптестіктің Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық одақ форматына көшуі - ТМД кеңістігіндегі қуатты автоөнеркәсіп өндірісі жүйесін қайта жандандырып, зауыттарымызға тың интеграциялық мүмкіндіктер береді деп ойлаймын», - дейді ол.
Сонымен қатар, Е. Сағымбаевтың пікірінше, 2013 жылы компания өнім өндіруді 88 пайызға, биыл алғашқы тоқсанда төрттен бір бөлігіне ұлғайтқан. «Ендігі уақытта еліміздің ішкі тұтынуына арналған өндіріс көлемін өсіруді жалғастыратын боламыз. Алайда, өндіріс үдерісін жетілдіре түсу жоспарын жүзеге асыру үшін өнімдерімізді Кеден одағы елдерінің нарығына шығаруымыз керек. Онсыз алға қарай басу мүмкін емес. Сондықтан, отандық автоөнеркәсіптегі барлық жобаларымыз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болатын елдердің сауда нарығын бағындыруға негізделетін болады», - дейді ол.
***
Алдағы рақымшылық нәтижесінде Қазақстан Үкіметі 10-12 миллиард доллар қаржыны экономикаға қайтарудан үмітті. Бұл туралы Мәжілісте Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабарлады, деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Қайтқан қаржыдан қайыр күтеміз» атты мақаласында.
Вице-премьердің мәліметінше, осының алдындағы рақымшылық нәтижесінде жалпы сомасы 6,7 миллиард доллар заңдастырылыпты. Яғни, бұл жолы заңдастыру акциясының ұзаққа, 1,5 жылға созылатынын ескеріп, ел Үкіметі екі еседей көп сомадан «дәмелі» болып отыр.
Депутат Тұрсынбек Өмірзақов заң жүзінде жемқорлықпен табылған қаржылар мен мүліктерді заңдастыруға тыйым салынғандығын, сонда осынша қаржыны биліктің қайдан тартқалы отырғандығын сұрады.
«Рақымшылық кезінде біз көздеп отырған негізгі мақсат - «көлеңкеде» жүрген қаржыларды тарту, - деді Б.Сұлтанов. - Біздің қолымызда Дүниежүзілік банктің зерттеуі бар, онда Қазақстанның «көлеңкелі» экономикасының көлемі ЖІӨ-нің 19,2 пайызын құрайтындығы жазылған. Басқа сарапшылық зерттеулерде бұдан да көп деп айтылады. «Көлеңкелі» экономиканың көзі әртүрлі ресурстар екендігі түсінікті. Оның бір бөлігі - қылмыстық табыстар, контрабанда, есірткі бизнесі, коррупция. Бұлар заңдастыруға жатпайды. Бірақ заңсыз табыстардың басқа үлкен қабаты бар, олар салықтан жалтару, кірісті «оңтайландыру» жолымен алынған», - деген ол өздерінің дәл осы қаржыларды нысанаға алып отырғандарын білдірді.
Еліміз тарихында тұңғыш рет 1997 жыл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Жалпы ұлттық келісім және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жарияланған-ды. Бұл туралы «Айқынның» «Спасск «бүккен» тарихи шындық» атты мақалада жазылған.
Басылымның атап өтуінше, бұған қоса, сол жылы Елбасы 31 мамырды Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бері дәл осы күні еліміздің барлық аймақтарында облыс, аудан басшылары мен тарихшы-ғалымдардың, сондай-ақ, жергілікті тұрғындардың қатысуымен қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы митинг өткізу дәстүрге айналып келеді. «Сол күні жазықсыздан-жазықсыз шейт болған боздақтардың рухтарына құран бағышталып, ас берілуде. Осындай тарихи күн қарсаңында біз Қарағанды облысы аумағындағы Спасск (қазіргі Долинка ауылы) елдімекеніндегі мемориалдың «ішке бүккен» тарихи шындығы хақында әңгімелеуді жөн көрдік», дейді мақала авторы.
Автордың жазуынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сталиндік азап лагерлерінде қамауда отырған қуғын-сүргін құрбандарының қатарын шетелдердің (жапондар, румындар, немістер мен венгрлер, молдовандар, литвандар, филипиндер және басқалар) әскери тұтқындары толықтырды. Тарихшылардың пікірінше, қызыл империяның басшылығы дәл сол жылдары тұтқынға алынған шетелдік әскерилердің басым көпшілігін Қарағанды қаласының оңтүстігіне қарай 45 шақырым жерге орналасқан Спасскідегі Құмды лагерінде сан жылдар бойы қамауда ұстаған екен. Өткен ғасырдың 30-жылдары Спасск ауылының тарихындағы трагедиялық кезең басталады. 1930 жылы еңбекпен түзеу лагеріндегі (ОГПУ) тұтқындардың күшін ауылшаруашылығына пайдалану мақсатында Қарағанды аймағында «Гигант» совхозы құрылады. Сөйтіп, осы совхоздың негізінде орталығы Долинка ауылы болып саналатын НКВД-ның Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (Карлаг) құрылады. Жалпы көлемі 1 млн 780 мың гектардан астам аумаққа орналасқан Карлаг 1959 жылдың шілде айына дейін жұмыс істеген. Осы азап лагерінде әр жылдары саяси жаламен және қылмыстық іс бойынша қамауға алынған 10400-ден 65673 адам (1949 жылы) тұтқында болған. Ал кейінірек Спасск ауылында Карлаг тұтқындары мен дәл осы жылдары Кеңес Одағының әр аймағынан осында сан алуан желеумен жеткізілген тұтқындардың ұрпақтары үшін балалар үйі құрылды. Сөйтіп, 1938 жылы 13 қазанда балалар үйі «отанын сатқандардың отбасы мүшелері үшін» НКВД-ның №2 түрмесіне айналды. Мұрағат құжаттары бойынша сол жылдары мұнда 3 мыңға жуық тұтқын, негізінен әйелдер қамауда отырған. Мысалы 1940 жылы Спасскідегі бір ғана Карлаг тұтқындар лагерінде НКВД-ның арнайы нұсқауымен 34000 адам болған көрінеді. Ал Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты 1941 жылы шілденің 5-жұлдызында КСРО НКВД-сының шешімімен Карлагтың маңынан №99 лагерь құрылып, оған әскери тұтқындармен қоса, мәжбүрлі түрде күштеп қамауға алынғандар «тоғытылады». №99 лагерь жұмыс жасаған мерзім ішінде мұнда 50-ден астам ұлттың өкілдері - 66 мыңнан астам шетелдік азаматтар әскери тұтқын ретінде азап шеккен. Ресми дерек бойынша олардың бес мыңнан астамы Қарағанды облысы аумағында өліп, осында жерленген екен.
Тағы бір тарихи дерек, БКП ОК саяси бюросының 1943 жылғы ақпан айындағы шешімімен 1943 жылы 11 ақпанда Солтүстік Кавказда жүзеге асырылған «Чечевица» іс-шарасы барысында осы елден 97 мың тұрғын басқа жерге мәжбүрлеп көшірілсе, олардың ішінде 9308 отбасын құрайтын 36702 адам Қарағанды аймағына қоныс аударылған.
***
Ақмола облысында полицейлер осыдан 17 жыл бұрын іздеуге жарияланған қылмыскерді ұстады. Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті «Воровал вагонами» атты мақалада жазып отыр. Басылымның атап өтуінше, 1997 жылы ол ресейде алаяқтық қылмыс жасаған. Үш вагон толы балықты ұрлап елден шығып кеткен оны Владивосток ІІМБ әлі күнге дейін іздестіріп жүрген көрінеді. Мәлім болғандай, ол осы уақытқа дейін Теміртау қаласында тұрып келген екен. Бұл қалада ол полицияның көзіне түспей, үй салу және жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген. Тек жуырда ғана қазір алпысты алқымдаған Н. есімді ер адамның сол баяғы ресейлік құқыққорғау органдарын қан қақсатып кеткен алаяқ екені белгілі болды. Оны Көкшетау қаласына кіреберісте еліміздің тәртіп сақшылары қолға түсірді. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша құжаттар РФ-ға жіберілген.