Бұл нысандар жай ғана сәулет туындысы емес, қалалардың тарихи, мәдени және экономикалық даму жолының көрінісі іспетті. Мұндай ғимараттардың көбі Астанада шоғырланғанымен, Алматы, Түркістан, Тараз бен Маңғыстауда да өзіндік сәулетімен ерекшеленетін нысандар жеткілікті. Құрылысшылар күні қарсаңында Kazinform еліміздегі құрылысы ерекше 10 ғимаратты топтастырды.
Бәйтерек – Астана
Елорданың басты нышандарының бірі саналатын «Бәйтерек» монументі 2002 жылы ашылды. Оның биіктігі 105 метрге жетеді, ал бақылау алаңы 97 метр биіктікте орналасқан. Бұл сан 1997 жылы астананың Алматыдан Ақмолаға көшірілгенін еске салады.
Ғимараттың негізгі идеясы Самұрық құсы туралы аңызбен байланысты. Сондықтан монументтің төбесінде диаметрі 22 метр болатын алтын түсті шар орналасқан. Ол күн сәулесіне қарай реңін өзгертіп тұрады.
Нысанның ішінде көрме залдары, панорамалық алаң және Президенттің алақан бедері орналасқан. Бүгінде «Бәйтерек» – Астананың ғана емес, Қазақстанның ең танымал туристік нысандарының бірі.
Хан Шатыр – Астана
«Хан Шатыр» – әлемдегі ең ірі шатыр тәрізді құрылыстардың бірі. Оның биіктігі шамамен 150 метр.
Болат арқандармен керілген алып күмбез мөлдір полимер материалмен қапталған. Бұл шешім күн сәулесін өткізіп, кешеннің ішкі ортасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Кешенде сауда орындары, кинотеатрлар, балаларға арналған алаңдар және тропикалық жағажай бар. Сыртта қысқы аяз болған кезде де кешен ішіндегі демалыс аймақтарында жылы микроклимат сақталады.
Бейбітшілік және келісім сарайы – Астана
Астанадағы тағы бір ерекше сәулет нысаны – пирамида пішінінде салынған Бейбітшілік және келісім сарайы. Ғимараттың биіктігі мен табан ұзындығы бірдей – 62 метр.
Сарай әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізуге арналған. Ғимарат ішінде опера театры, музейлер, конференция залдары мен қысқы бақ орналасқан.
Ал пирамиданың жоғарғы бөлігіндегі түрлі түсті витраждар халықтар достығы мен бірлігін бейнелейді.
«Нұр Әлем» сферасы – Астана
«Нұр Әлем» – 2017 жылы Астанада өткен EXPO халықаралық көрмесінің басты нысаны. Шар тәрізді ғимараттың диаметрі 80 метрге жуық.
Сегіз қабатты ғимаратта жаңартылатын энергия көздеріне арналған интерактивті экспозициялар орналасқан. Олардың қатарында күн, жел, су және басқа да энергия түрлеріне арналған бөлімдер бар.
EXPO көрмесі аяқталғаннан кейін «Нұр Әлем» Болашақ энергиясы музейі ретінде жұмысын жалғастырды. Бүгінде сфера елорданың заманауи сәулеттік нышандарының біріне айналды.
Вознесенск соборы – Алматы
Алматыдағы Вознесенск кафедралды соборы ХХ ғасырдың басында салынған және әлемдегі ең биік ағаш шіркеулердің бірі саналады. Оның биіктігі шамамен 56 метр.
Ғимараттың басты ерекшелігі – оның ағаш конструкциясы. Собор бірнеше күшті жер сілкінісіне төтеп берген тарихи сәулет ескерткіші ретінде де белгілі.
Ғимараттың түрлі түсті күмбездері мен ерекше сәулеті бүгінде Алматының тарихи келбетін айқындайтын нысандардың біріне айналған.
Республика сарайы – Алматы
Республика сарайы – кеңестік модернизм стилінде салынғанымен, сәулетінде қазақтың ұлттық нақыштары пайдаланылған Алматыдағы белгілі мәдени нысандардың бірі.
Ғимараттың ең ерекше тұстарының бірі – алып шатырының архитектуралық шешімі. Соның арқасында сарайдың ішкі кеңістігі ауқымды болып көрінеді.
Бүгінде мұнда ірі халықаралық концерттер, мәдени және мемлекеттік іс-шаралар өткізіліп келеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі XIV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Ол – Орталық Азиядағы ортағасырлық сәулет өнерінің ең көрнекті ескерткіштерінің бірі.
Кесене алып порталдарымен, кірпіш қалау әдістерімен және үлкен күмбезімен ерекшеленеді. Ғимарат ғасырлар бойы Түркістанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің маңызды рухани және мәдени орталықтарының бірі болып келеді.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
Қарахан кесенесі – Тараз
Тараздағы Қарахан кесенесі Қарахан әулеті дәуіріндегі сәулет өнерінің маңызды ескерткіштерінің бірі.
Тарихи нысан XI ғасырмен байланысты. Кесене күйдірілген кірпіштен тұрғызылып, геометриялық және сәндік өрнектермен безендірілген.
Қарахан кесенесі көне Тараздың тарихы мен ортағасырлық сәулет дәстүрін танытатын маңызды мәдени нысандардың бірі саналады.
Отпан тау кешені – Маңғыстау
Маңғыстаудағы Отпан тау тарихи-мәдени кешені дәстүрлі қазақ сәулеті мен заманауи архитектуралық шешімдерді ұштастырады.
Отпан тау – Адай жұртының бірлігімен байланысты тарихи әрі рухани орындардың бірі. Кешеннің басты нысандарының қатарында Адай атаға арналған ескерткіш бар.
Бүгінде бұл аумақта ұлттық мерекелер, мәдени және рухани іс-шаралар өткізіліп келеді. Отпан тау Маңғыстаудың тарихы мен мәдениетін танытатын маңызды туристік нысандардың біріне айналған.
«Отырар» кітапханасы – Түркістан
Түркістандағы «Отырар» кітапханасы шығыстық сәулет элементтері мен заманауи геометриялық формаларды үйлестірген ғимараттардың бірі.
Кітапхана тек кітап қоры сақталатын орын ретінде емес, ғылыми кездесулер, мәдени іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастыруға арналған қоғамдық кеңістік ретінде де қызмет етеді.
Ғимараттың архитектуралық шешімінде дәстүрлі шығыстық нақыш пен қазіргі заманғы сәулет тәсілдері өзара сабақтасқан.
Бұл он нысан – Қазақстанның тарихи тереңдігі мен заманауи сәулеттік ізденісінің көрінісі. Астанадағы «Бәйтерек», «Хан Шатыр» және «Нұр Әлем» тәуелсіз Қазақстанның жаңа архитектуралық бейнесін көрсетсе, Алматыдағы Вознесенск соборы мен Республика сарайы қаланың мәдени және сәулеттік келбетінің ажырамас бөлігіне айналған.
Ал Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тараздағы Қарахан кесенесі мен Маңғыстаудағы Отпан тау кешені – ғасырлар бойы қалыптасқан сәулет пен тарихи мұраның құнды үлгілері.
Осы нысандардың әрқайсысы әр кезеңдегі құрылыс шеберлігін, инженерлік ізденісті және сәулет өнерінің даму жолын көрсетеді.
Айта кетейік, Tarlan Astana құрылысында 245 тонналық арнайы техника алғашқы арқалықты орнатты.