Көз көргендердің айтуынша поселке типтес қалашықта 2 мектеп, клуб, аурухана, болған. Тіпті, екі қабатты үйлердің өзінде кәріз жүйесі жұмыс істепті. Қазандықтар арқылы жылу жүйесі тартылып, үйлер жылытылған. Халық орталықтандырылған ауыз суды тұтынған. Жалпы, мұндағы тұрғындар қаладағыдай күй кешкен. Тікелей Мәскеу арқылы басқарылғандықтан тіршілікте таршылық көрмеген.
Сол кездері, облыс орталықтарындағы зәру заттар, Байжансайдың дүкендерінен емін еркін табылған екен. Аудан мен қаланы байланыстыратын қоғамдық көліктерде күнделікті жүріп тұрған. Былайша қарасаңыз ертегідегідей өмір. Ал, бүгін Байжансайға барсаңыз, сол тіршілікке куә болғандардың айтқан сөзіне иланғыңыз келмейді. Сенбейсіз. Себебі, айналасын тау қоршаған мекенде қайнаған тіршіліктің бейнесі білінбейді. Тек қиратылған қабырғалар мен үлкен үйлердің іргетастары ғана жатыр. Ойылған асфальттың орындары мен кеніштердің кейіпі ғана қалған.
Аа, Байжансайдағы берекелі өмірді айшықтайтын кеншілердің естеліктері ғана айтылады. Сондықтан болар, елеске айналған елдімекенді ғана көз алдыңызға елестете аласыз.
Жалпы Байжансай қойнауы құт, кенді мекен болған. Онда қорғасын өндірілген. 1930 жылы негізі қаланып, 1977-85 жылдары тіршілігі дәуірлеген. Шахтада 400, байыту фабрикасында 300 – ге жуық адам еңбек етіпті. Олар жатақханалар мен коттедждерде тұрған. Ал, одан бөлек, кіші цехтар мен әлеуметтік нысандар халыққа қызмет көрсеткен. Деректерге жүгінсек, 1978 жылы Қазақстандағы қала типтi екi мыңнан аса поселке арасынан Байжансай бiрiншi орынға ие болғанын көруге болады. Жергілікті халықтың ішінде орыс, украин, татар, грек, кәрiс, гагауз, қытайлар бірлігі жарасып ғұмыр кешкен.
Кенші даңқы орденінің толық кавалері Абубулла Көштаев Байжансай шахтасына 7 айға жуық басшылық қызмет атқарған жанның бірі. Ол сол сәттері құрылыстың қарқыны мен шахтадағы жұмыс барысына қарап, Байжансайдың болашағы жарқын болатындығына жергілікті тұрғындардың сенімі жоғары болғандығын айтады.
«Кентаудан отбасыммен көшіп бардым. Таза ауа, табиғаты керемет мекен болатын. Байжансайда өмірге қажеттінің барлығы болды. Енді қазір тек естеліктермен ғана бөлісіп отырмыз. Қорғасын кен орны жабылған соң, жұмыста тоқтады. Себебі, ондағы халықтың көпшілігі кеншілер еді. 1994 жылы Байжансай болашағы жоқ елді мекендердің қатарына қосылды. Халықта жан-жаққа көше бастады. Мамандардың көпшілігі Кентаудағы, Жаңатастағы, Шалқиядағы шахталарға жұмысқа орналасты» - дейді ол.
Ал, геолог Шаншар Ешимбаев елді мекендегі кен орнының жабылуы жұмыстарын жүргізіп, бүкіл құжаттандыру ісін атқарған азамат.
«Мен Байжансайға 1983 жылы учаскелік геолог қызметіне бардым. Он жылға жуық еңбек еткенімнен кейін кен орны ресми түрде жабылды. Содан сол жерде қалдым. Халық көше бастады. Қай жерден жұмыс табылса, сонда қоныстанып жатты. Жер Бәйдібек ауданына қарайтын болғандықтан, 1998 жылы комбинат директоры ретінде бүкіл құжатты сонда өткіздім»- дейді ол.
Шаншар қарияның Байжансайға соңғы сапары өткен жылдың тамыз айына сәйкес келіпті. Сәулетті ғимараттардың бұзылып, заттарының қолды болғаны көңілін құлазытқан. Жастық шағы өткен мекеннің жойылып кеткендігі қатты жабырқатыпты.
«Темір терсектің барлығын ұрлап кеткен. Әліде қазып алып, ақшаға өткізетіндер кездеседі екен. Ғимараттардың тек ірге тасы ғана қалыпты. Мал қамымен үш отбасы күнелтіп жүр. Ал, жаз шыға төрт түлігін айдап келіп, 10-ға жуық отбасы қоныстанатын көрінеді. Тек мешіттің ғана ғимараты тұр. Олда болса, қабырғалары құлазып, құлауға айналған. Жол жақсы. Ескі көпірлерді тұрғындар өз күштерімен реттеп қойыпты. Ең бастысы жарық жанып тұр» - дейді ақсақал.
Бүгінде қария қараусыз қалған елді мекеннің түтінін түтетіп отырған тұрғындармен әлі де байланысып отырады.
Байжансайда 17 жылдан астам уақыт бойы қызмет атқарған жанның бірі Өскенбай Құлатайұлы. Кенші қазір Алматы қаласында тұрады. Ол арнайы жолдамамен 1968 жылдан бастап «Байжансай» кенішінде бөлім маркшейдері, аға маркшейдер, шахта бастығы, кеніш басқармасының бас инженері қызметтерін атқарған. Сондықтан болар, еңбек ардагері «Байжансай-менің алғашқы баспалдағым» деп біледі.
«Шымкент қорғасын зауытына қарайтын Байжансай кен басқармасы 1961 жылдың сәуірінде «Ащысайтүстіметалл» комбинатының құрамына өтті. Өндірісті дамытумен қатар, елді мекенді абаттандыру жұмыстары да жүргізіле бастады. Кеншілердің күшімен кинозалы бар мәдениет ошағы тұрғызылып, онда музыкалық мектеп, көркем әдебиет және техникалық кітаптармен жабдықталған кітапхана ашылды. Тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етіліп, телевизиялық спутник орнатылды. Құржайлау шатқалында кеншілерге арнап демалыс аймағы, жас жұмысшылар мен мамандарға арналған 140 орындық жатақхана салынды. Аз уақыт ішінде елді мекен тұрғындары барлық көшелерді жасыл желекке айналдырып, алма, өрік, шие, миндаль ағаштарын өсірген болатын» - деген еңбек ардагері сағынышпен жастық шағын еске алды.
Қазіргі кезде байжансайлықтар еліміздің әр аймағында бар. Дегенмен, оларды берекелі бірлік байланыстырып отыр. Жыл сайын туған жерге келіп, ас беріп, құран оқытып тұрады. Бір біріне көмек беріп, қолдап отырады. Бұл да болса, атауғы ғана қалған ауыл тұрғындарының ауызбірішілігінің арқасы болса керек.