Бір аптада доллар 5,55 теңгеге, немесе 1,2% арзандады. Бұл қозғалыс базалық мөлшерлеменің төмендеуі теңгеге бірден қысым түсірмегенін көрсетеді. Ал юань 0,9%, еуро 0,5%, ал Ресей рублі 3,5% арзандады.
Ұлттық банк 24 шілдеде базалық мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға түсірді. Реттеуші бұл шешімді инфляцияның тоғызыншы ай қатарынан баяулауымен байланыстырды: маусымда жылдық инфляция 10,3%-ға дейін төмендеген. Ұлттық банк теңгенің нығаюын дезинфляциялық факторлардың бірі ретінде де атап өтті.
Доллар бір аптада 4 теңгеге арзандады
Бірақ мөлшерлеменің төмендеуі теориялық тұрғыдан теңгеге қысым жасай алатын фактор болғанмен, валюта нарығында оның әсерін басқа факторлар басып кетті. Валюта бағамын экспорттаушылардың доллармен алатын түсімі, импорттаушылардың валютаға деген сұранысы, мұнай бағасы, бюджет пен квазимемлекеттік сектордың операциялары және сыртқы нарықтағы доллардың жалпы бағыты қатар қалыптастырады.
Қазақстан қор биржасындағы (KASE) динамика мұны анық көрсетеді. 27-31 шілдеде USD/KZT жұбының күн соңындағы бағамы 473,76-477,01 теңге аралығында болды. Осы бес күндегі орташа көрсеткіш шамамен 475,03 теңге. Ал 3-7 тамызда күн соңындағы бағамдар 475,23 теңгеден басталып, 469,68 теңгемен аяқталды. Апталық орташа көрсеткіш 470,81 теңге болды. Яғни екі аптаның орташа бағамы арасында 4,22 теңге немесе шамамен 0,9% айырмашылық қалыптасты.
Ең қызығы, теңге апта ішінде біртіндеп нығайды. 3 тамызда доллар 475,23 теңге болса, 4 тамызда 471,78 теңгеге, 5 тамызда 469,64 теңгеге, 6 тамызда 467,71 теңгеге дейін түсті. Тек аптаның соңғы күнінде аздап кері қозғалып, 469,68 теңгеге тоқтады. Демек, аптаның негізгі бағыты – доллардың теңгеге қатысты арзандауы.
Бұл жерде мұнай нарығындағы қозғалыс та біркелкі болған жоқ. 3 тамызда АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздерге байланысты болжамдар Brent бағасын шамамен 7% түсірді. Келесі күндері мұнай нарығы қайта құбылып, 6 тамызда Brent бір күнде 3 доллардан астам қымбаттады. 7 тамызда Brent аптаны 83,55 доллар деңгейінде аяқтап, тағы 1,3% өсті. Яғни аптаның ішінде мұнай бағасы теңгеге тұрақты түрде бір бағытта қолдау көрсеткен жоқ, бірақ апта соңында әлі де жоғары деңгейде қалды.
Сыртқы нарықтағы доллардың өзі де қысымға ұшырады. 7 тамызда АҚШ-тағы еңбек нарығының әлсіз деректері инвесторлардың Федералдық резервтің ақша-несие саясатына қатысты болжамдарын өзгертті. Нәтижесінде жаһандық нарықта доллар әлсіреп, тәуекелі жоғары активтерге сұраныс артты. Бұл Қазақстан сияқты дамушы нарықтардың валюталары үшін қолайлы сыртқы фон қалыптастырды.
Ұлттық қордың үлесі
Теңге үшін тағы бір маңызды фактор – ішкі валюта нарығындағы ұсыныс. Қазақстан экспортынан түсетін валюталық түсім ішкі нарықта сатылған кезде доллар ұсынысы көбейеді. Ал импорттаушылардың валютаны сатып алуы керісінше сұранысты қалыптастырады. Сондықтан базалық мөлшерлеме төмендегенмен, экспорттық түсім мен басқа да валюталық ұсыныс ішкі сұранысты басып тұрғандықтан теңге әлсіреген жоқ.
Ішкі нарықтағы валюталық ұсынысқа Ұлттық банктің операциялары да әсер етеді. Шілдеде Ұлттық қордан биржа нарығында 200 млн доллар сатылды. Бұл жалпы сауда көлемінің 2,3%-ына тең. Сонымен қатар Ұлттық банк республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін шілдеде Ұлттық қордан 500 млн доллар сатып алып, осы валютаны ішкі нарықта 2026 жылдың соңына дейін біркелкі сатуды жоспарлап отыр.
Тамызда Ұлттық қордан биржада 200-300 млн доллар көлемінде валюта сату күтіледі. Бұған қоса, шілдеде басталған теңгерімдеу операциялары аясында шамамен 374 млрд теңгеге баламалы валютаны тамыз бойы нарыққа шығару жоспарланған. Бұл валютаның ұсынысын сақтайтын фактор ретінде теңгеге қысқа мерзімді қолдау бере алады.
Алайда Ұлттық банктің өзі нарықтағы жағдайдың біржақты емес екенін көрсетіп отыр. Шілдеде реттеуші БЖЗҚ активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін биржадан 375 млн доллар сатып алды. Демек, нарықта бір жағынан Ұлттық қор қаражаты есебінен валюта ұсынылса, екінші жағынан зейнетақы активтерін басқару мақсатында шетел валютасына сұраныс қалыптасып отыр.
Рубль бағамы неге қатты әлсіреді?
Апта ішінде рубльдің теңгеге қатысты бағамы доллар мен еуро бағамына қарағанда әлдеқайда қатты арзандады. 7 тамыздағы KASE дерегінде RUB/KZT жұбының орташа өлшенген бағамы 5,7119 теңге болды, ал күн соңындағы соңғы мәміле 5,6642 теңгемен жасалды. Яғни рубльдің әлсіреуіне тек теңгенің нығаюы емес, Ресей валютасының сыртқы факторларға реакциясы да әсер етіп отыр.
Еуроның қозғалысы әлдеқайда баяу болды. KASE-де 7 тамызда EUR/KZT жұбының орташа өлшенген бағамы 541,26 теңге болды. Бұған теңгенің қозғалысымен қатар еуроның доллармен арадағы жаһандық бағамы да әсер етті.
Осылайша, өткен апта теңге үшін қолайлы болды. Ең қатты арзандаған валюта – рубль, одан кейін доллар мен юань, ал еуро салыстырмалы түрде тұрақты қалды. Бірақ теңгенің нығаюын базалық мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан болған «күтпеген құбылыс» деп қараудан гөрі, бірнеше фактордың бір уақытта қабаттасуы деп бағалаған жөн. Себебі ішкі нарықтағы валюта ұсынысы, экспорттық түсім, мұнайдың бағасы жоғары болып, доллар әлемдік нарықта әлсіреді.
Ұлттық банк сарапшылары да теңгенің қазіргі нығаюын ұзақ мерзімді кепілденген тренд ретінде қарап отырған жоқ. Шілдедегі макроэкономикалық сауалнамаға қатысқан сарапшылар 2026 жылғы орташа USD/KZT бағамын 500 теңге деңгейінде күтеді. Бұл – қазіргі нарықтық деңгейден едәуір жоғары болжам. Яғни олар жыл бойында теңгеге қысымның қайта күшею ықтималдығын жоққа шығармайды.
Сондықтан қазіргі жағдайды «базалық мөлшерлеме төмендеді, бірақ теңге әзірге мығым тұр» деп сипаттаған дұрысырақ.
Мөлшерлеменің төмендеуі теңгеге қысым жасайтын факторлардың бірін күшейтті. Алайда әзірге оны экспорттық валюта түсімі мен сыртқы нарықтағы қолайлы жағдай өтеп отыр. Алдағы кезеңде осы факторлардың қайсысы басым түсетіні теңгенің бағытын анықтайды.
KASE қорытындысы
7 тамыздағы саудада USD/KZT жұбында 1 239 мәміле жасалып, сауда көлемі 424,48 млн доллар болды. Орташа бағам – 469,68 теңге.
RUB/KZT жұбында 986 мәміле өтіп, көлемі 5,34 млрд рубльге, орташа бағам 5,7119 теңгеге жетті. CNY/KZT_жұбымен 37,22 млн юаннің 29 мәмілесі, EUR/KZT жұбымен 3,18 млн еуроның 32 мәмілесі жасалды.