«Базарды қаншаға сатып алуға болады?» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 17 қараша, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, бүгінде төрткүл дүниеде меди­циналық туризм кең қанат жаюда. Өйткені, сапалы медициналық көмек іздеген жағдайы бар қал­талы азаматтар өркениетті, дамыған елдерге барып білікті кәсіби ем алу мүмкіндігіне ие болуда. Мәселен, диагнозды анықтау және емделу үшін (диаг­ностикалық туризм) АҚШ тұрғындары Таиланд, Үндістанды пайдаланса, ТМД елдері Австрия, Швейцария, Германия, Сингапур, Оңтүстік Кореяның медицина қызметтерін пайдалануда. Бұған дейін қазақстандықтар да кардиология, нейрохирургия, мүшелерге трансплантация жасау, онкология, т.б. ауру түрлерінен медициналық көмек алу үшін шетелге баруға мәжбүр еді.

Егемендік алғаннан кейін Қазақ­стан медицинасы осы салаларда үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Елбасы өзінің «Қа­зақстан-2050: бір мақсат, бір мүд­де, бір болашақ» атты дәс­түрлі Жолдауында отандық медициналық туризмді дамыту керектігін атап айтқан болатын. Қазір осы міндеттің орындалуына елімізде бірнеше қадамдар жасалуда. Мәселен, Астана қала­сында Ұлттық медициналық хол­дингі негізінде қазіргі заманғы кли­никалар құрылып, еліміздегі транс­плантология саласындағы қол жеткізген жетістіктеріміз, кардио­хирургиялық көмектің жол­ға қойылуы тұрғындардың шет­­елге шығу қажеттіліктерін едәуір төмендетті. Біздегі бір артық­шы­лық, қазақстандықтар үшін ол қызметтердің тегін көрсетілуінде. Тіпті, Алматыдағы қатардағы №7 қалалық клиникалық ауруханада үш жылда бүгінге дейін жүзден аса мүше алмастыру сәтті өтіп, осыншама адамның ғұмырын ұзартып отыр. Осы аурухана ақылы түрде Орталық Азия мемлекеттерінен өз донорларымен мүше алмастыруды бастап жіберді. Осыған қарағанда, қазіргі таңда қазақстандықтар үшін шетелге медициналық көмек іздеп бару қажеттілігі тумайтын жағдайлар жасалуда.

«Қазақстандықтар үшін жа­ғымды жаңалық, биыл Алматы қаласында шетелдегі клиникаларға балама бола алатын сондай емдеу орнының бірі - HealthCity (Хэлзсити - «Денсаулық қаласы») жобасының бір бөлігі болып табылатын диагностикалық орталықтың тұсаукесері өтіп, жұ­мыс істей бас­тады. Жоба қаланың іскерлік және сауда орталықтарында, сон­дай-ақ тұрғын үй аудандарында орналасқан және де науқастарға тәулік бойы дәрігердің кеңесіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін дербес медициналық орталықтар желісімен біріктірілген диаг­ностикалық кешен болып табылады», деп жазады мақала авторы. Бұл жайында « Бірегей диагностикалық клиника » атты мақаладан толық оқи аласыздар.

Бас басылымда «Кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы көмек» деген мақала берілген. Жыл басынан бері Ұлттық кәсіпкерлер палатасының базасында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп кәсіпкерлердің қатысуымен ұзақ мерзімді шарттарды жасауға арналған басқосулар өткізілуде. Біздің палатаның атқаратын ауқымды рөлі де сонда, біз ұзақ мерзімді шарт жасауға болатын тауарлар мен қызметтерді анықтаймыз.

Өз сөзін осылай бастады Пре­зидент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. Бұл ретте үш жылдан он жылға дейінгі мер­зімге шарт жасауға мүмкіндік беріп отырған мемлекеттік көмектің елдегі кәсіпкерлікті дамыту үшін оңтайлы болып отырғандығы айтылды. Себебі, кәсіпкерлер ұзақ мерзімді келісімшарттың арқасында алдағы атқаратын істерін алдын ала және алаңсыз жоспарлай алады. Бұл орайда олар тұрақты тапсырыс алуға, өндірістік қызметі мен ұсынылатын тауарларын айқындауға, жұмыстарын жандандырып, техникалық керек-жарақтарын сайлап алуға қол жеткізеді. Ағымдағы жыл бойынша «Самұрық-Қазына» компаниясымен бірлесе отырып 883 млрд. теңге сомасына осындай ұзақ мерзімді 2114 шарттар жасалған. Ал оның ішінде 307 млрд. теңгені құрайтын 606 тауарлар бойынша келісімшарт әзірленген.

Сонымен қатар, осы мәсе­леге қатысты шарт жасау бары­сындағы талаптар мен міндет­тердің айқындалып, арнайы кеңес­терде ұдайы шешімін тауып оты­ра­тындығы кеңінен айтылды. Айтар болсақ, осындай кеңес отырыстарына Астана қаласынан бастау алып, барлық аймақты қамтыған 240-тан астам тауар өндірушілер қатысқан. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар тұрақты жүргізілуде. Сон­дай-ақ қордың және оның енші­лес компанияларының өкілдері бірқатар өңірлерге барып, жергі­лікті жерде кәсіпкерлермен 548 млрд. теңге сомасында меморандум­дарға қол қойған. Бүгінгі таңда аталған меморандумдар бойынша жұмыстың орындалуы 98% болғандығы байқалады.

***

«Алматыда «Бауыржан» қайырым­дылық қорының ұйымдастыруымен Қа­­зақ­стандағы MakeItClear! әлеу­меттік жарнамалардың бай­қауының қоры­тын­дысын шы­ғарды»,- деп жазады «Айқын» газеті «Жарнама жеңімпазы анықталды» атты материалында.

Байқауға 70-ке жуық кәсіби және әуесқой ма­мандар қатысып бақта­рын сынады. Олардың ішін­де екі номинация бойынша жеңімпазды анық­тап, Euro­best - 2015 (Бельгия) және Du­bai­Lynx - 2015 (БАӘ) өтетін алғашқы жарнамалық фестиваліне жолдама берді. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша, кәсібилікпен өз бетінше әуестенушілердің арасында «Ең үздік әлеуметтік теледидарлық ролик» жұмысы үшін ал­ма­тылық 24 жасар ре­жиссер Сафар Шакеевтің «Табиғатты сүйемін, сүйемін Қазақстанды» атты еңбегі жоғары бағаға ие болды. Ал «Ең үздік әлеуметтік плакат» номина­ция­сында алматылық жарнама агент­тігінің дизайнері Екатерина Туля­кова­ның «Алматы: сұрағыңа жауап таба алмайсың» деген туындысы көптің көңілінен шықты. Сондай-ақ бейнеролик бойынша Глеб Пономарёвтың және плакаттық жұмыста Константин Васенин жұмыстары да өзінің ерекшеліктерімен бағаланып, арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Осы басылымда «Базарды қаншаға сатып алуға болады?» атты мақала жарияланды. Елімізде «Жекешелендірудің екінші толқыны» қарқынды жүргізілуде. Қаржы министрлігі «2014-2016 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарын» жүзеге асырудың алдын ала қорытындыларын шығарды. Министрліктің хабарлауынша, биылғы жыл соңына дейін мемлекет меншігіндегі 439 нысан сатылуға тиіс. Соның ішінде 395 нысан саудаға шығарылды. Дегенмен, осы аптадағы жағдай бойынша іс жүзінде 217 нысан жекешелендіріліп отыр.

Егер тарата айтсақ, оның 11-і - респуб­ликалық меншіктегі, 100-і - коммуналдық меншіктегі, ал 59-ы - Әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорацияларға берілген нысандар. Ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялар да 47 кәсіпорнын бәсекелестік ортаға өт­кізді.

«Бір қызығы, жекешелендіру барысында ел қара базардың құны қанша тұратынын білді: мысалы, Түркістан қаласындағы аудандық коммуналдық меншікте болған «Муниципалдық базар» 64 366 089 теңгеге сатылды. Әу баста 42 миллион 889,8 мың теңге тұрады деп бекітіліпті. Сондай-ақ ел қаржысына ұсталып келген Алматы облысындағы «Олимп» кәсіби регби клубы да «мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын» атауынан айырылды. Оны бар мүлкімен сол өңірдегі заңды тұлға 16 миллион 600 мың теңгеге иеленді. Бұл ретте бастапқы құны 325 мың 448 теңгеге арзандап отыр»,- деп жазады газет.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында « Мектепке Жәутіков есімі қайтарылғаны дұрыс!» оқырмандарымыздың пікірі осындай» деген материал басылды. «Ана тілі» газетінің №43 (1301) 29 қазан-4 қараша 2015 жылғы санында Шолпан Қандидың «Жәутіковтың жазығы не?» атты мақаласы жарық көрген болатын. Мақалада автор академик, белгілі математик Орынбек Ахметбекұлы Жәутіковтің есімімен аталатын республикалық физика-математикалық мектептің атауы өзгертіліп, бұдан былай «Коммерциялық емес акционерлік қоғам республикалық физика-математика мектебі» деп аталғанына орынды қынжылыс білдіреді. Мақала шыққан күннен бастап редакциямызға оқырмандар хабарласып, мәселенің орынды көтерілгенін айтып, мектепке Жәутіков есімін қайтару керек деген пікірлерін ортаға салды», деп жазады басылым.