***
Əскери тұтқындарға қатысты игі болар істерді атқаруды міндет етіп қойған Президенттің Мұрағаты кешенді жоба жұмысын бастап кетті, деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы.
Жоба бойынша мұрағаттық материалдардың арнайы қоры құрылуда. Материалдар шетелдік мұрағаттардан, жекелеген азаматтардан, т.б. жолдармен жинақталуда. Қазақстандық əскери тұтқындар, соның ішінде қазақстандықтар туралы мəліметтер базасы құрылуда. Бұрынғы əскери тұтқындардың туыстарымен, сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен кеңес адамдарын іздестірумен айналысатын қоғамдық ұйымдармен байланыс орнатылатын сайт құрылды жəне тұрақты жұмыс істеп тұр.
«Зерттеудің нəтижелері кеңестік қауіпсіздік органдарының «отанына опасыздық жасағаны үшін» айыптаған əскери тұтқындардың белгілі санаттарын ақтау қажеттілігіне дəлелдеме болады. Қазіргі сəтте Германия Федеративтік Республикасы лагерьлерде əскери тұтқында болған, осы күнге дейін аман жүрген ардагерлерге өтемақы беруге өтініш қабылдауда. Елімізде мұндай 5-6 жауынгеріміз бар», - делінген «Тұтқын. Лагерьде де өмір бар» атты мақалада.
«1945 жылы КСРО батыс державаларының басқыншы биліктерімен əскери тұтқындарды кеңес еліне қайтару туралы жасалған келісімдерінен кейін, осы жылдың шілде айының аяғында КСРО ІІХК «Елге оралған кеңес азаматтарын есепке алу жəне тіркеу тəртібі туралы нұсқаманы жариялау туралы» бұйрық шығарған болатын. Осы нұсқамаға сəйкес барлық елге қайта оралғандар, əскери тұтқындар, жай азаматтар мемлекеттің халық жауы ретінде қарастырылды. Фашистік лагерьлерден аман оралған тұтқындар Отанына келіп, кеңестік лагерьлерге жабылды. Кейбіреулері ғана ұзақ тексерістен кейін үйлеріне қайтарылды. КСРО-Германия қатынасы тарихын зерттеуші Г.Көкебаева 1945 жылдың қазанындағы жағдай бойынша 1 368 849 КСРО-ға оралған тұтқынның қатарында 23 143 қазақ болған деп көрсетсе, əскери тұтқындар тақырыбын алғашқы болып көтерген Ресей зерттеушісі В.И.Земсков 1946 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша аталған санаттағы қазақтардың саны 24 448 болғанын анықтаған, алайда, олардың қаншасы кеңес лагеріне түскені, қаншасы елге оралғаны осы күнге дейін белгісіз», - дейді басылым.
Бекіре, қара уылдырық десе жұрт Атырауды еске алып, тісінің суы құрғайды. Қара, қызыл уылдырықтардың құны алтынмен тең, жеңсік ас.
Құй сеніңіз, құй сенбеңіз, осы бекіреңіз Оңтүстікте өсіп жатыр.
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, Түлкібас ауданы Керейт деген ауылда «Ақсанат инжиниринг» серіктестігі балық зауытын ашқан. Асқақтаған тау, одан құлдыраңдап құлаған мың бұлақ нағыз балық өсіретін жер екен. 2012 жылы ашылған балық зауытын іске қосуға 452 млн. теңге қаражат жұмсалса, бүгіндері шығын толық ақталған. Арнайы жасалған бассейндерде қара жоны жылт-жылт еткен жеңді білектей бекірелер ерсілі-қарсылы жүзіп жүр. Марғау. Каспийдің дауыл соқса астаң-кестең шығатын долы теңізінде сабылып жем іздеген туысқандарындай емес, мұнда құрамажем дегеніңіз ағыл-тегіл. «Сен же, мен же». Зауыт басшылығы да разы. Браконьерлер пайдамды қақшып кетеді демейді, қара уылдырығы екі бүйірін сыздатқан бекірелері көз алдында. Зауыттың орта қуаты жылына 100 тонна балық еті мен 1200 кило қара уылдырық дайындауға есептелген.
- Бізде бекіре тұқымдас бес түрлі балық өсіріледі, - дейді балық зауытының меңгерушісі Николай Царев. - Сонымен қатар, арқан балықтың үш түрі, сүйрік балықтың бес түрі бар. Əлемде сирек кездесетін альбинос бекіресін де өсіріп жатырмыз. Бір қызығы, альбинос бекіресі үш жылда бір рет уылдырық шашады екен. Уылдырығы өте қымбат бағаланады. Бір кило уылдырықтың бағасы 3,5 млн. теңге.
«Зауыттағы аквапоника жылыжайындағы бассейнде жүз мыңға жуық шабақ өсіріліп жатыр. Кəсіпорынның басшылығы егер бізден шабақ алып, балық өндірісін жолға қоям деген азаматтар болса, қалай күтіп-баптау жағын өзіміз үйретеміз дейді. Яғни, өз тауарыма бəсекелес болады деген қызғаныш жоқ, сұраныс үлкен. Мұндайда қазекең «кең болсаң кем болмайсың» дейді.
Керейт ауылындағы бекіре өсіріп, құны алтынмен пара-пар қарауылдырық алып, пайдаға шығып отырған зауыттың мықтылығы да осы қасиетінде болса керек», - делінеді «Бекіре Каспийде ғана емес, оңтүстіктегі тоғандарда да өсіріле бастады» атты материалда.
***
Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистермен кездескен Жер реформасы бойынша комиссия өкілдері Премьер-министрдің орынбасары Б.Сағынтаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед және Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов барлық қазақстандықтарды жер туралы заңнаманы жетілдіруге белсене қатысуға, өз пікір-ұсыныстарын іркіп қалмауға шақырды. Мемлекет азаматтарға биліктің шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысудың таптырмас мүмкіндігін ұсынып отыр. Бұл туралы «Айқын» газеті xабарлауда.
«Елбасының тапсырмасымен құрылған Жер реформасы бойынша комиссия мен оның Хатшылығы өткен сенбіде өз жұмысын бастады. Содан бергі уақытта байланыс орталығына (Call-орталық, нөмірі 14-34) 700-ден астам ұсыныс пен сұрақ келіп түсіпті. Мұның сыртында Jerturaly.kz сайтына да қазақстандықтардан 30-дан аса ұсыныс бағытталды», - делінеді «Жер туралы әр азаматтың пікірі құнды!» атты мақалада.
- Бұл ұсыныс-пікірлердің барлығы сараптан өткізіледі. Комиссия құзырына жатпайтын мәселелер болса, олар жауапты органдар қарауына жолданады. Яғни жерге қатысты әрбір ұсыныс қараусыз қалмайды! - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары, Жер реформасы бойынша комиссияның төрағасы Бақытжан Сағынтаев. - Бұған қоса Астана мен Алматы қалалары және барлық облыс әкімдіктері жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер осы бағытта бізбен қатар жұмыс жүргізуде. Бүгінде олар жергілікті жұртшылықпен кездесулер өткізуде. Бұл кеңестер халықтан түскен ой-пікір, ұсыныстарды бізге, комиссия қарауына жібереді.
Сонымен бірге бірінші вице-премьердің сендіруінше, ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде жарияланған ұсыныстар да қаралады. Сондай-ақ ол «Нұр Отан» партиясының да осы ортақ іске белсенді араласып жатқанын мәлім етті: «Жетекші партияның барлық өңірлердегі бөлімшелері жұмыс жүргізуде».
- Әрбір адам осы жанды тақырып жайында өзін толғандыратын ойын билікке жеткізе алады. Елбасы айтқандай, жер үшін шынымен жаны ауыратын әрбір азамат өз сөзін айтуы керек! - деп баса айтты Б.Сағынтаев.
«Айқын» басылымында орта ғасырларда түркі мемлекетінің астанасы болған Баласағұн қаласына қатысты қызықты деректер ұсынылған.
Әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолындағы түркі мемлекетінің астанасы болған Баласағұн қаласы жер астында қалғандықтан, оның орналасқан жерін анықтау, сырын ашу өте қиынға соғып жүр. Бізге бұл қала құм, саз, топырақ басқан үлкенді-кішілі төбе күйінде жеткен.
1974 жылы Жамбыл облысының Шу ауданындағы Ақтөбе қонысын Уахит Шәлекенов бастаған топ арнайы қазады. Сол кезде күтпеген жерден келiп, ескерткiшпен жан-жақты танысып, оның тарихи Баласағұн қаласы екенін алғаш болжап айтқан атақты Әлкей Марғұлан екен.
Баласағұн қаласы ежелгі тарихи деректерден белгілі. VІІ ғасырдың соңы мен ІХ ғасырдың басында өмір сүрген Мұхаммед Ибн-Мұса әл-Хорезм дүниежүзілік географиялық картасында Шу, Талас, Жетісу өңірлеріндегі түркі қалалары туралы сөз қозғап,оларды картаға түсірген, координаттарын белгілеген. Солардың ішінде Баласағұнды да дәл көрсеткен. Х ғасыр аяғы мен ХІ ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген, Хорезмнен шыққан ұлы ғалым Әбу-Райхан Бируни жасаған дүние жүзінің жағрафиялық картасында Баласағұн қаласына сипаттама берілген. Х ғасырда Иерусалимде дүниеге келген ғалым Мұхаммед Ибн-Ахмед ал-Макдиси «Баласағұн халқы көп, суы мол қала. Оның төңірегінде бір-біріне жақын көлемді және тұрғындары көп қалалар орналасқан» дейді.М.Қашқари «Түрік сөздігінде» Баласағұн туралы мағлұмат бере келіп. «Арғу екі таудың арасы. Тараз (Талас) пен Баласағұн арасындағы шаһарларды «Арғу» дейді. Өйткені ол жерлер екі тау арасында жатыр» дейді.
Толығырақ, «Баласағұнның болашағы қандай?» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
Петропавлда телефон алаяқтары тағы да белсене бастады, деп жазады «Экспресс К»басылымы.
Бірнеше күннің ішінде тым сенгіш екі қала тұрғыны алаяқтардың қармағына түсіп қалған.
«67 жастағы зейнеткер әйелге белгісіз біреулер телефон арқылы қоңырау шалып, оның ұлы қылмысқа барғанын xабарлайды. Келісім үшін жапа шеккен тарап 300 мың теңге сұрап жатыр деп алдаған. Қарт кісі ондай ақша жоғын айтқан, сол кезде «жанашыр жандар» екі есе төмен сомаға келісім берген. Жиырма минуттан соң оның есігі алдында түрі келіскен жас жігіт пайда болады. Ақшаны алған жігіт сыпайылық танытып кетіп отырған. Тіпті қолxат та қалдырған», - делінген «Богатого мобила исправит» атты мақалада.