Бельгияда теміржол апатының құрбандарының саны 18 адамға жетті

АСТАНА. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні таңертең Бельгияда екі пойыздың соқтығысып қалғанын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары бұған дейін хабарлаған болатын.

Оқиға салдарынан 18 адам құрбан болып, тағы 125-ке жуық адам түрлі жарақат алып отыр. Брюссельдің оңтүстік-батысында 15 шақырымдай жерде орналасқан және апат болған жерге жақын Халле қаласының өкіметі осындай ресми мәліметтер таратуда, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Тергеу мәліметі бойынша, теміржол апатына машинистердің бірінің бағдаршамның тыйым салған белгісіне назар аудармауы себеп болған. Екі машинист те опат болды. Брюссель прокуратурасы тергеуге кірісті.

Апат салдарынан стансы да едәуір зардап шегіп отыр. Брюссель мен Париждің және Лондонның арасындағы теміржол қатынасының қашан қалпына келтірілетіні әзірге беймәлім.