Беларус, Ресей және Қазақстан елдері кеден органдарының бірыңғай ақпараттық жүйесін құрмақ

СТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат - Беларус, Ресей және Қазақстан елдері кеден органдарының автоматтандырылған бірыңғай ақпараттық жүйесін құруды жоспарлап отыр.

Бұл туралы журналистерге Беларус Республикасы Байланыс және ақпараттандыру министрінің орынбасары Николай Струков Қазақстан Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Минскідегі Жоғары технологиялар паркіне келердің алдында мәлім етті, деп хабарлады БЕЛТА агенттігі.

«Біздің елімізде бүгінде ондай жүйе жұмыс істейді, біз оны ресейлік және қазақстандық тараппен ықпалдастыруға ниеттіміз», деді Н.Струков.

Кеден одағы аясындағы үш елдің ынтымақтастығына тоқталған Н.Струков, сондай-ақ Беларус, Ресей және Қазақстанның бірыңғай жүйесін құру үшін аталған елдер өз ұлттық заңнамаларын үйлестіруі қажет екенін айтты. «Егер бағыт-бағдар да, регламент пен іс-қимыл қағидалары да бірыңғай болса, онда біздің бағдарламашыларымыздың автоматтандыру және бір-бірімізді хабардар ету саласындағы заманауи технологияларды тез игерулеріне мүмкіндіктері бар», - деп санайды ол.

Николай Струков сонымен бірге, беларус делегациясының Қазақстанның электрондық үкімет саласындағы тәжірибесін зерттегенін еске салды. «Енді біз өз инновацияларымызды, оның ішінде «Электронды Беларус» бағдарламасы аясындағы жобаларды, «Бір терезе» жүйесін, мемлекеттік органдардағы құжаттар айналымының электрондық жүйесін таныстырғымыз келеді», дейді ол.

Беларусь тарапы сондай-ақ Қазақстанның ақпараттық киоскілер құру жөніндегі тәжірибесіне ықылас танытуда.