Березов ауылынан алғашқы отбасылар Ақсай қаласына қоныстанып үлгерді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданында Березов ауылы тұрғындарын Ақсай қаласына қоныстандырудың бірінші кезеңі жүзеге асырылуда.

Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Өтегеновтің айтуынша, бірінші кезеңде Березовтан - 128, Бестау елді мекенінен 10, барлығы 138 отбасы көшуге тілек білдірді. Солардың ішінен халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігіне жататын (мүгедектер, зейнеткерлер, балалары газдан зардап шеккен отбасылар) 82 тұрғынның өтініші бірінші кезекте қанағаттандырылды. Қазірдің өзінде 14 отбасы Ақсай қаласының 4-шағынауданындағы бес қабатты үйдің барлық жағдайы жасалған пәтерлеріне қоныстанып үлгерді. Қалғандары желтоқсан айының ортасына дейін көшеді. Алдағы жылы жалғасатын екінші кезеңде Ақсай қаласына 212, Бөрлі ауылына 3 отбасы көшуге тілек білдіріп отыр. Айта кетейік, өткен жылғы 28 қарашадан бастап Березов ауылында балалар мен ересектердің жаппай улануына байланысты Қарашығанақ мұнайгазконденсаты кенішінің санитарлық-қорғау аймағы кеңейтіліп, Березов пен Бестау ауылдары тұрғындарын көшіру туралы Үкімет шешімі қабылданған болатын.