Қадірлі Жетісу азаматтары!
Сіздермен атамекенімде, ата-бабамның туған жерінде кездескеніме қуаныштымын!
Қойнауы құт-береке, ежелден ақындық, батырлық, даналық мекені - Жетісу өлкесіне деген менің перзенттік сезімім ерекше.
Халқымыз бұл қасиетті мекенді: «Жетісу - жер жәннаты» деп құрметтейді.
Құрметті жерлестер!
Халқымызға тәуелсіз мемлекет құру бақыты бұйырды.
Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ жолында Елбасы - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен бірге өтудеміз. Тек қана Елбасының көреген саясатының нәтижесінде осы іс жүзеге асырылды.
Құдайға тәуба, Қазақстанды әлем мойындады, Еліміздің терезесі өзге өркениетті мемлекеттермен теңелді.
Елбасының беделі арқасында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы да болдық. Осындай жетістіктерге жетуіміз - ол заңдылық!
Біздің Елбасымыз - әлемдік деңгейдегі саясаткер!
Біздің халқымыз еңбекқор және жасампаз!
Біздің күшіміз - бірлікте! Бірлігі жарасқан елдің болашағы баянды!
«Қазақ тек бірігу, бірлесу жолында келе жатқан халық», - деген Президентіміздің сөзінің мәні ешқашан жойылмайды.
Ұлты қолдаған Елбасы - жарқын өмірдің, өркендеген елдің кепілі.
Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында соңғы 10 жыл қарқынды даму жылдары болды.
Біз қаржы жүйесі дамыған заманауи экономиканы қалыптастыра білдік. Тіпті, әлемдік дағдарыс жайлаған 2009 жылдың өзінде де біздің өнеркәсібіміз бәсеңдеген жоқ. Барлық ірі кәсіпорындар дағдарыстан аман шықты. Жаппай жұмыссыздық болған жоқ, еліміз жарықсыз, сусыз, жылусыз отырған жоқ.
Біз қиындықтарға төтеп бере білдік. Енді алдымызда жаңа міндеттер, жаңа мұраттар, жаңа мүмкіндіктер тұр!
Президент алдағы 10 жылдық жоспарды нақты айқындап берді.
Бұл - мақсатқа жетудің батыл жолын нұсқаған тарихи құжат.
Иә, батылдық пен табандылық!
Бұл орайда, «Сәттілік кепілі - батылдық», - деген Елбасы сөзін түйіп айтып кеткім келеді.
Біз келешекте ауқымды міндеттерді шешуге тиіспіз.
Біз экономиканы нығайтып, жалпы әлемде болып тұратын дағдарыстардан сақтануымыз керек.
Пайдалы қазбаларды өндіріп қана қоймай, оны өңдейтін өндіріс орындарын да салуымыз керек.
Алдымызда дамыған көлік желісін құру міндеті тұр.
Біз Қазақстан арқылы Азия мен Еуропа арасын жалғайтын көлік дәлізін салуымыз қажет. Жетісу осы дәліздің бір бөлігі болады.
Біздің кәсіпорындарда еңбек өнімділігі арта түсуі тиіс. Сол жағдайда біз индустриялы державалардың қатарына қосыламыз!
Ғылымды дамыту керек. Сөйтіп, инновациялық экономикаға жол ашу керек. Сол үшін биыл қатардан тыс үш ғылыми орталық ашылады.
Біздің Жетісуымыз Президенттің «Жаңа индустрияландыру» атты бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше рөл атқарады.
Агроөнеркәсіп кешені жаңарады. Жетісу бүкіл Қазақстанның озық үлгідегі азық-түлік алқабына айналады.
Біз Оңтүстік өңірге жылу мен жарық беретін Мойнақ және Балқаш электр стансыларын саламыз.
Біз «Қорғас - Жетіген» темір жолын саламыз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашу мүмкіндігі ғана емес, бұл - шекаралық сауданы дамытудың бірден бір жолы.
Экономиканы қалыптастыру барысында енгізілетін өзгерістер қарапайым халықтың игілігі үшін жасалады. Елбасымыз «Ең басты әлеуметтік саясат - жұмыспен қамтамасыз ету», - деген болатын. Биыл Алматы облысында 40 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады.
Президентіміз айқындап берген жоспар бойынша денсаулық сақтау және білім беру жүйелеріне орасан қаржы бөлінеді.
Енді сапалы ем алуға мүмкіндік бар.
Біздің балаларымыз әлемдік стандартқа сай білім алады. Міне, осы жылдың сәуір айынан бастап студенттердің стипендиясы 25 пайызға өседі.
Балабақша тапшылығы толығымен шешіледі. Жетісу аймағында тек 2010 жылдың өзінде 43 балабақша мен кішкентай балаларға арналған 77 шағынорталық салынады.
Құрметті қауым!
Президент Жолдауында айтылған міндеттерді орындау- бәрімізден сөз жүзінде емес, іс жүзінде табандылықты, патриотизмді талап етеді.
«Тудым, өстім, есейдім,
Ен далам, анам, мен - балаң!», - деп, еліміздің әйгілі ақыны Ілияс Жансүгіров жырлағандай, біз атаның баласы емес, халықтың баласы, еліміздің азаматы болуға тиіспіз! Сондықтан, мен баршаңызды Елбасымыздың Жолдауы мен «Қазақстан - 2020» атты стратегиялық жоспарды қолдауға шақырамын!
Экономикалық өрлеу, өркендеу - қазіргі таңдағы ең басты құндылық! Бұл мақсатқа бізді жеткізетін - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев! Тек қана бір өзі.
Біз - туған жерін қастерлеп, сүйіп өскен халықпыз!
Біз Елбасымыздың: «Бәрінен бұрын - Тәуелсіз Қазақстан!», - деген сөзін әрдайым жадымызда сақтауымыз керек.