- Берік аға, Әбіш Кекілбайұлының қазақ әдебиетіндегі алар орны, сіңірген еңбегі жөнінде әңгімелеп берсеңіз.
- Біздің халықта, құдайға шүкір, данышпандар да, батырлар да көп болған ғой. Әрқайсының орны бөлек. Сол секілді Әбіш Кекілбайұлы да біздің дәуіріміздегі қайталанбас тұлға болды. Дарындылықты, білімділікті, жазушылық қасиетті, мейірімділікті, кісілікті құдай өзі бір бойына бере салған. Әбекең әу бастан-ақ әдебиетте жарқ етіп көрінді. Ол сол абыройымен биіктей берді. Қазақ әдебиетіне қайталанбас, керемет шығармалар әкелді. Сонымен қатар, азаматтық, қайраткерлік қыры өсіп толысты. Елбасының жанында жүріп, тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін қалауға ерекше үлес қосты. Мен Әбекеңнің «Үркер» және «Елең-алаң» дейтін екі тарихи романына редактор болдым. Әбекеңді жастай оқып өскеніміз өз алдына. Редактор болып, сын көзбен қарай отырып, оның жазушылық қарымының тереңдігіне, көлемділігіне, қайраттылығына көзім жетті. Оқып отырып үлкен бір тәлім-тәрбие алғандай болдым. Ол кісі бірге істес болғанымызға ризашылығын білдірді. Әбекең асқар таудай арқа сүйер азаматымыз еді. Әбекеңнің әлі де әдебиетте берері бар еді, халқына айтары бар еді, әлі де болса халқының тілеуін тілеп, жақсы ақсақал болып арамызда жүре тұруға тиіс еді. Бірақ тағдырға амал бар ма!? Бірақ Әбекеңді бақытты қаламгер деуге болады.
- Әбіш Кекілбайұлының шығармашылық салада басқа қаламгерлермен салыстырғанда өзіне тән қандай ерекшелектері бар еді?
- Әбекеңнің суреткерлік қырлары қабат-қабат. Сөйлем, сөз құрауының өзі ерекше еді ғой. Кейбір сөйлемдері бір бетке, екі бетке ұзарып кете беретін. Оны оқу үшін, өзіңе қабылдау үшін, білімің болуы керек. Ал енді ыждағатпен оқысаң, керемет дүние! Мысалы, даланы суреттесе сайын далада жүргендей, тоғайды суреттесе сол тоғайға еніп кеткендей күй кешесің.
- Әбіш Кекілбайұлы алғаш рет әдебиетке өлеңмен келгені белгілі. Талай өлеңдер жазды. Кейін, прозаға ауысты. Осы бір бетбұрысты түсіндіріп берсеңіз.
- Қазақ әдебиетінде өлең жазбай, жазушылыққа көшкен қаламгерлер сирек. Көптеген жазушылар өлең жазған. Мысалы, Тахауи Ахтанов та, Бердібек Соқпақбаев та, Тәкен Әлімқұлов та өлең жазды. Былай қарасаң, көп жаузшыларымыз әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен бастаған. Бұл қазақ әдебиетіне тән ерекше құбылыс деп ойлаймын. Өйткені, қазақ халқы ақын халық қой. Бәріміз де ауыз әдебиетінен сусындап өстік, шал-кемпірдің әңгімесін тыңдадық. Оқығанымыз жыр болды. Сондықтан Әбіш Кекілбайұлы да өлең жазды. Алғашқы өлең жнақтары жақсы бағасын алды. Дегенмен прозаның салмағы басым болды. Ынтасы соған ауды. Сөйтіп, қазақ әдебиетіне үлкен олжа ұсынды. Жемісті еңбек етті.
- Әбіш Кекілбайұлының адами, адамгершілік тұлғасына тоқталсаңыз.
- Әбекең туралы досы да дұшпаны да теріс сөз айта алмайды. Ол бір қарапайым да керемет жаратылыс! Бір жағы тегінен шығар, екінші жағы Әбекеңнің анасы Ақсәуле - қазақтың бір үлкен ақылды анасы болған адам. Күйеуі соғысқа жастай кетіп, оралмаған. Сол анамыз жалғыз баласы Әбішті тәрбиелеп, жақсы азамат етіп өсірді. Әбекең бүкіл елдің бетке ұстар тұлғасына айналды. Сирек кездесетін қарапайым да мейірімді кісі болатын. Жасыратыны жоқ, кейбір ірі дарын иелерінің бойында менмендік, өзімшілдік қасиеттер бой көрсетіп жатады. Ал Әбекеңде ондай қасиеттер жоқ болатын. Ол адамның жақсылығын дәріптеп, қабылдап, мойындай білетін, қаламгершілігі, азаматтығы жоғары тұлға еді. Сол үшін де Әбіш Кекілбайұлының есімі ешқашанда ұмытылмайды.
- Әңгімеңізге рахмет.