Хатты Миландағы «Сан-Раффаэле» ауруханасында жатқан Берлускониге қаскөйдің адвокаттары табыс етті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
АНСА агенттігінің ақпараты бойынша, Тарталья кешірім сұрап, «ойланбай жасалған» әрекеті үшін өкінішін білдірген.
Италия Премьер-Министрі Сильвио Берлускони өз жақтастарының митингісінде шабуылға ұшырағанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын.
Таяқ жеп, мұрны бұзылған үкімет басшысы дереу ауруханаға жеткізілген. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, оқиға Миланда митинг кезінде орын алған. Сөз сөйлеп болғаннан кейін Берлускони өз жақтаушыларының ортасына кіріп, автограф тарата бастайды. Кенеттен қолына шағын мүсін ұстаған белгісіз біреу С.Берлусконидің бетінен ұрады.
Шабуыл жасаушы ұсталған, ал Берлускониді ауруханаға жатқызуға тура келген. Оқиға салдарынан премьердің ерні жыртылып, екі тісі сынған. Ауруханада анықталғандай, премьердің мұрны да бұзылған.
Шабуыл жасаушы бұрын сотталған 42 жастағы Массимо Тарталья деген азамат болып шықты. 10 жыл бойы психатр маманның бақылауында келген Тарталья қазір Милан түрмесінде отыр. Қорғаушыларының хабарлауынша, олардың клиенті қазір дәрігерлердің тексеруінен өтіп жатыр.
С.Берлусконидің саясаты Италияда көптеген дау-жанжал туғызып отырғанын айта кету керек. Солшылдардың пікірінше, Италия Берлусконидің басшылығымен авторитарлық режімге ауып барады.