«Бес миллиард тұратын ұлттық компаниялар сатылады» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 22 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Үкімет үйінде Қазақстан мен Еуропалық одақ және оған мүше мемлекеттердің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім ресімделді. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерике Могерини, сондай-ақ, Еуропалық одаққа мүше елдердің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері қатысты.

Құжатқа Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов пен Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерике Могерини қол қойды.

Кеңейтілген әріптестік пен ынты­мақтастық туралы келісім­ге қол қою рәсімінен кейін баспа­сөз мәслихаты өтті. Онда Ерлан Ыдырысов Қазақстан мен Еуро­палық одақтың жаңа келісімінің маңыздылығын айтып берді.

«Біздер үшін бұл - айрықша оқиға. Ол үш жылға созылған зор еңбектің нәтижесі десек те болады. Еуропалық одақ пен Қазақстанның келіссөз командалары кешенді жұмыстар жүргізді. Бұл келісім екінші буын саналады. Сондықтан да Қазақстан мен Еуропалық одақты біріктіретін ынтымақтастық салаларын жаңадан ашуға күш жұмсалды», - деді Е.Ыдырысов.

Министрдің атап өтуінше, жаңа келісім өзара іс-қимылдың 29 саласын қамтиды. Бұл ретте сауда бөлімі өзінің әзірленуі жағынан барынша тартымды болып отыр. Бұдан бөлек, құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылға да айрықша мән берілген.

Өз кезегінде Федерике Могерини мұндай маңызды келісімнен кейін Қазақстан мен Еуропалық одақтың арасындағы ынтымақтастық одан әрі беки түсетінін атап өтті. «Қазақстан «жаңа буыннан» осындай келісімге қол қойып отырған Орталық Азия бойынша бірінші маңызды серіктесіміз екенін айтып өткеніміз жөн. Сондай-ақ, біз Қазақстанның бұл құжатқа қол қоюы осы өңірдегі басқа да елдердің осындай келісімге қол жеткізуіне септігін тигізер деген үміттеміз», - деді Еуропалық одақтың өкілі. Сонымен қатар, ол ауқымды саланы қамтитын бұл келісімнің екі тарапқа да тиімділігі зор болатынын жеткізді. Бұл туралы «Еуропамен байланыс екі тарапқа да тиімді» атты материалда жарияланды.

Бас басылымда «Туыстың құны - 400 мың теңге» деген материал берілген. Қарағандыда 54 жастағы әйел пәтерін иеленіп кету үшін 37-дегі туысын өлтіру үшін киллерге тапсырыс берген.

Қалайда туысының үйін өзі­не алу үшін осындай сұмдық шешімге келген әйел бұл тапсырысты орындайтын адам іздейді. Ал тапқан адамы мұны ұлттық қауіпсіздік комитетіне жеткізеді. Осыдан кейін киллердің рөлін қауіпсіздік қызметкері атқаратын болады. Олар осы жұмыс үшін 400 мың теңгеге пәтуа жасасады. Әйел тапсырысты орындар алдында «киллерге» 50 мың теңгені аванс ретінде береді.

Әйел орындаушыдан «жұмыс­ты дұрыс атқарғанының» дәлелі ретінде туысының бір құлағын немесе оң қолын кесіп алып, әкеп көрсетуді талап етеді. Осыған сәйкес операцияны жүргізген ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері құлақтың моделін алдын ала дайындап алады. Бұған қоса, жәбірленушінің өлтірілгенін айғақтап көрсететін жалған фотоларды да әзірлеп қояды.

Әйел «киллер» келіп, құлақ­тың моделі мен суреттерді көрсет­кеннен кейін, оған келісілген ақшаның қалған 350 мың теңгесін беріп жатқанда ұсталды. Тапсырыс беруші әйел осы­дан кейін уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

***

«Қазақстанның қаржылық жүйесі «жаһандық жаңа шынайылыққа», нақты ахуалға сәйкес келтірілетін болады. Бұл туралы кеше Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында өмірге жолдама алған жаңа заңдардың жаңалықтарын түсіндіруге бағытталған семинарда Қаржы министрі Б.Сұлтанов мәлім етті. Оның айтуынша, бұл үшін «ең алдымен қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру» керек болады»,-деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санындағы «Бес миллиард тұратын ұлттық компаниялар сатылады» атты мақалада. Қаржы министрі қолданыстағы мемлекеттік кірістер мен шығыстар жүйесі де қай­та қаралатынын хабарлады: - Үнемді өмір сүруге үйренуге тура ке­ле­ді. Бірақ бұл дамуда тоқтап қалу дегенді біл­дірмеуге тиіс! - деді Бақыт Сұлтанов. - Осы аталған міндеттер жүзеге асырылуы үшін халықты осыған тарта, қызықтыра білу қажет. Министр Ұлт жоспарының басты бір мақ­саты - «сапалы білім, денсаулық сақ­таудың жоғары деңгейі, жоғары жалақы, азық-түлік, кемел заңнама және қауіп­сіз­дік» секілді қарапайым халықтың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру болып та­былатынын айтады. Елбасы Жолдауын және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында Қаржы ми­нистрлігі «Мемлекеттік сатып алулар ту­ралы», «Мемлекеттік аудит және қар­жы­лық бақылау туралы», «Мемлекеттік мүлік (же­кешелендіру) туралы», «Бан­крот­тық ту­ралы» және мүлікті заң­дас­тыруға бай­ла­нысты рақымшылық туралы жаңа заңдарды әзірлеген екен.

Қаржы министрлігі елімізде әрқайсысы 5 мил­лиард теңгеден қымбат тұратын 65 мем­лекеттік объект жекешелендірілетінін ха­барлады: «Үкімет мемлекеттік және ква­зи­­мемлекеттік сектордың жекеше­лен­дірі­ле­тін объектілерінің басымдықты тізбесін қа­лыптастырды. Оған республикалық мен­шікте және ұлттық холдингтердің ие­лі­гінде болып келген 65 аса ірі компания кі­­реді және әрқайсысының баланстық құ­ны кем дегенде 5 миллиард теңгені құ­рай­ды». Бұл объектілердің әділетті нарықтық ба­­ға­сын анықтау, ашық және бәсекелестік жағдайда сатуды қамтамасыз ету үшін халықаралық кеңесші-консультанттарды тартуға шешім қабылданыпты. Сатылатын нысандар туралы барлық ақпарат БАҚ-та жарияланатын болады.

Осы басылымда «16 млн жұп шұлық шығаратын фабрика ашылды» деген материал берілген. Президент Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде ашылған 18 жаңа өндірістің бірі - Оңтүстік Қазақстан облысындағы шұлық бұйымдарын шығаратын «Әлем БТ» ЖШС-ның фабрикасы.

«Оңтүстік» АЭА-да индустрия­лан­дыру картасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорынның президенті Қ.Балабиевтің айтуынша, мұндағы құрал-жабдықтар Оңтүстік Ко­рея­ның заманауи технологиясы не­гі­зін­де жұмыс істейді. Жылына 16 млн жұп шұлық бұйымдарын өндіруге қауқарлы фабриканы іске қосу үшін 2 млрд теңге шамасында инвестиция тар­тылған. Кәсіпорын жобалық қуат­­­тылыққа шыққан жағдайда фаб­ри­када шамамен 400 адам жұмыс іс­тейтін болады.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұрасы» атты мақала берілген. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 21 қарашадағы №1223 Қаулысының негізінде Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Қазақстан Респуб­ликасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында белгілі фольклортанушы, ғалым Берік Жүсіповтің «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» атты музыкалық-энциклопедиялық, ғылыми-танымдық еңбегі жарық көрді.

Басылым екі бөлімнен тұрады. Бі­рінші бөлім халық шығармашылығы жанр­ларымен таныстыра отырып, әрбір этнос сазының төлтума болмысын, өзіндік ерекшеліктерін көрсетеді. Екінші бөлімдегі 28 CD таспаға 330-дай орындаушы мен топтардың жет­кі­зуінде 100-ден астам этностың 600-дей музыкалық фольклорының таңдаулы үл­гі­лері топтастырылған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылып, құрас­тырылған музыкалық антология көпшілік оқырман мен тыңдарманға арналған.