— Кейінгі 5 жылда Түркі мемлекеттері ұйымы сапалы даму кезеңінен өтіп, өңіраралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналды. Осы орайда, Түркістанда өткен бейресми саммитте талқыланған мәселелер мен көтерілген бастамалар ұйым аясындағы келешек серіктестіктің басым бағыттарын айқындап берді. Бұл — елдердің технологиялық трансформацияны стратегиялық өзара іс-қимылдың өзегі ретінде қарастыра бастағанын көрсетті. Қазақстан мемлекеттік қызметтерді цифрландыру деңгейі бойынша ТМҰ-ға мүше елдердің ішінде ең жоғары нәтижелерге қол жеткізіп үлгерді. Astana Hub платформасы арқылы 2025 жылы 1,5 мыңнан астам компания өтіп, республиканың IT-қызметтер экспорты 700 млн доллардан асты. Осылайша, Қазақстан ұйымның инновациялық инфрақұрылымын қалыптастырудағы маңызды орталығына айналды, — деді сарапшы.
Низомиддин Зиямовтың айтуынша, Өзбекстанда да цифрлық трансформация жүріп жатыр. Былтыр көршілес мемлекеттің IT-қызметтер экспорты 1 млрд доллардан асып, 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 5 есе өсті.
— Арнайы IT-парктер жүйесі арқылы сыртқы нарықтарға, соның ішінде ТМҰ елдеріне бағдарланған жүздеген компания жұмыс істеп тұр. Өңірлік ынтымақтастық аясында республика цифрлық сервистерді біріздендіру және бұл салада білім беру бағдарламаларын дамыту бастамаларын белсенді түрде ілгерілетіп келеді, — деп пікір қосты ол.
Бұл үдерістердің тиімділігі тек экономикалық нәтижемен ғана өлшенбейді, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар маңызды рөлге ие. Мұнда ТМҰ-ға мүше елдердің терең тарихы, тіл ұқсастығы және өркениет жолы басты артықшылық саналады.
— Бұл жерде арнайы институттар маңызды рөл атқарады. Олардың қатарында Халықаралық Түркі академиясы, ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі университеттері одағы айрықша мәнге ие. Аталған құрылымдар гуманитарлық және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын кешенді түрде дамытуға ықпал етеді. Бұл ұйымдар ғылыми зерттеулерді үйлестіру, бірлескен білім беру бастамаларын әзірлеу, мәдени мұраны насихаттау және қоғамдық байланыстарды кеңейтумен айналысады, — деп мәлім етті саясаттанушы.
Орталық Азия халықаралық институтының өкілі академиялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы білім беру бағдарламаларына қатысатын студенттер саны жыл сайын орта есеппен 18-22%-ға артып келеді.
— Бұл жобаға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Анкара университеті, Самарқанд мемлекеттік университеті және Манас университеті сияқты жетекші жоғары оқу орындары елеулі үлес қосуда. Олар кадр даярлау мен ғылыми зерттеу жүргізетін негізгі орталықтар саналады, — деді ол.
Сонымен қатар ТМҰ аясында туризм саласын дамытуға бағытталған жобалар аз емес. Соңғы бес жыл ішінде елдер арасындағы саяхатшылар саны 35%-ға өсті. Бұған қажылық, тарихи-мәдени және этнографиялық бағыттарды қамтитын бірлескен туристік маршруттардың дамуы серпін берді.
— Хиуа, Ақтау, Түрікменбашы мен Шуша қалаларына «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесінің берілуі туризм саласының жандануына ықпал етті. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия арасындағы діни-танымдық туризмді дамытуға бағытталған «Tabarruk Ziyorat» бірыңғай туристік жобасының құрылуы бұл секторды дамыта түсті, — дейді Низомиддин Зиямов.
ТМҰ ықпалды ынтымақтастық алаңы ретінде өз әлеуетін одан әрі нығайта алады. Бұл ретте сауда саласын және кеден рәсімдерін цифрландыру арқылы экономикалық кооперацияны тереңдетуге болады.
— Ең алдымен, Орта дәліз аясындағы көлік-логистикалық байланысты дамыту, сондай-ақ цифрлық экономика мен бірлескен инновациялық платформаларды ілгерілетуге бағытталған технологиялық ықпалдастықты кеңейту қажет. Басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды тереңдету — ұйымның Еуразиядағы стратегиялық үйлестіруші орган ретіндегі беделін арттырады. Осы тұрғыда Түркістанда өткен саммит бірлесе дамуға бағдарланған маңызды кезең болды, — деді сарапшы тілші сауалына жауап бере отырып.
Еске салайық, бүгін Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті өтті. Оның барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірақатар маңызды бастама көтерді. Саммиттің қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшылары Түркістан декларациясына қол қойды
Әлихан Асқар