Министрдің сөзіне қарағанда, көлеңкелі экономикадағы басым үлес сауда-саттық саласына қатысты. Мәселен, бұл саланың 2012 жылғы көлеңкелі экономикадағы үлесі 1335,3 млрд. теңгеге жетіп жығылды.
«Сауда саласындағы көлеңкелі экономиканың негізгі көрінісі салықтан жалтару мақсатында өндірісті жасыру әрі бейресми сектор болып отыр. Яғни, стихиялық сауда мен сауда базарларының ұйымдастырылмауы. Бұл ретте сауда саласында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен бейресми жұмыс істейтіндердің үлесі үлкен», - деді ол.
Е.Досаевтың атап өтуінше, сауда-саттықтың заманауи үлгісіне сай келетін базарлардың үлесі сауда алаңдарының небәрі 17 пайызын ғана құрап отыр. Ал жабайы базарлар салық төлемдерінің артуына кедергі келтіруде. Сондықтан сауда базарларын заманауи үлгіге кезең-кезеңімен міндетті түрде көшіру бойынша заңнамалық шаралар қарастырылмақ. Бұдан бөлек, сауда нысандарының құрылысына инвестиция тарту үшін оны экономиканың басымдықты салалары тізбесіне енгізу қарастырылуда.
«Ұйымдастырылмаған базарлар санының көп болуынан бөлек бей-берекет заңсыз сауданың да болуы үлкен проблемаға айналып отыр. Осыған орай, коммуналды сауда алаңдарының бір мезетте бей-берекет сауда жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдату болжануда», - деді Е.Досаев.