Бейбіт Шүменов Лас-Вегаста Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) нұсқасы бойынша Әлем чемпионы атағы үшін қарымта кездесу өткізеді

АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қаңтардың 29-ы күні АҚШ-тың Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Әлем чемпионы атағы үшін қазақстандық Бейбіт Шүменов пен испандық Габриэль Кампильо арасында қарымта кездесу өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

79,4 келі салмақтағы бақ сынайтын Г. Кампильо бұл атақты маусымның 20-сы күні Аргентинаның Санта-Фе қаласында алаң қожайыны Уго Гарайды (114:115, 113:114, 114:114) ұпай санымен ұтып жеңіп алған болатын. «Көрікті» деген бүркеншік аты бар солақай бұл боксшы 19 рет сайысқа түсіп, екеуінде ғана жеңілістің ащы дәмін татты. 1978 жылы ақпанның 9-ында Испанияның Мадрид қаласында дүниеге келген Габриэлб Кампильо кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін 2002 жылы ақпанның 9-ында өткізген болатын. WBA тұжырымы бойынша орта салмақтағы Әлем чемпионы атағын тамыздың 15-і күні Астанада қорғаған ол Бейбіт Шүменовті ұпай санымен ұтқан болатын. Бұл кездесуден кейін Бейбіттің адвокаттары испандықтың рұқсат етілмеген преператтарды қолданғандығы туралы сотқа шағым түсірген болатын. Жыл соңына қарай Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы ақпанның 29-ына дейін титулдық қарымта кездесу өткізу жөнінде өз шешімін жариялады. Сондай-ақ боксшылар бір-біріне таққан айыптауларынан бас тартып, ағайынды Бейбіт пен Шыңғыс Шүменовтердің "KZ Event Productions" компаниясы мен "Golden Boy Promotions" компаниясы өзара келісімге келді.

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы бұл турнирді ағайынды Бейбіт пен Шыңғыс Шүменовтердің "KZ Event Productions" компаниясы ұйымдастырып отыр. 1983 жылы тамыздың 19-ында дүниеге келген Бейбіт әуесқой бокста Азия біріншілігінің жеңімпазы, Африка-Азия ойындарының күміс жүлдегері атанып, 2004 жылғы Афина олимпиадасына қатысқан болатын. Кәсіпқой бокста 8 жекпе-жек өткізіп біреуінде ғана жеңіліс тапқан қазақстандық былғары қолғап шебері бұған дейін Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының Азия-Тынық мұхит аймағының (WBO Asia Pacific) және Бүкіләлемдік бокс кеңесінің Азия бокс кеңесінің (WBC Asian Boxing Council), Паназиялық бокс қауымдастығының (РАВА) чемпионы атақтарын жеңіп алған болатын.