Бейресми саммиттің ресми өзегі - ұжымдық қауіпсіздік - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 1-і. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 1-інде жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

 ***

 Кеше Ыстықкөл жағасындағы Шолпаната қаласында Армения, Беларус, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан басшыларының бейресми саммиті өтті. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Бейресми саммиттің ресми өзегі - ұжымдық қауіпсіздік» деген тақырыппен жарияланған мақалада айтылған. «Өзара түсіністік жағдайында әңгіме өрбіткен мемлекет басшылары еуропалық қауіпсіздіктің әлеуетін жетілдіру, сондай-ақ әлемдік қаржы дағдарысы және оған қарсы әрекет шараларын қарастырды. Аты ұжымдық қауіпсіздік болып тұрып, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшылары Ауғанстандағы жанжалдан кейінгі осы елді қайта орнықтыру, қалпына келтіру секілді өзекті мәселені айналып өтпесі де белгілі еді», дейді тілші.

 «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін құру дегеніміз, бұл - еліміздің денсаулық сақтау саласындағы реформалық мәні бар аса маңызды қадам. Оның барысында денсаулық сақтау саласындағы мекемелердің  - ауруханалар мен емханалардың, дәрігерлердің арасындағы бәсекелестік артып, медициналық қызмет сапасы жоғарлайтын болады», делінген «Медицинада үлкен реформа енді басталады» атты мақалада. Сонымен қатар осы мақаладан кешегі Үкімет отырысында Оңтүстік Қазақстан облысының экономикалық дамуына кедергі келтіріп отырған проблемалалық мәселелер туралы да оқуға болады.

 Қазақстан Республикасы Парламенті  Сенатының депуататы Нұрлан Сүлейменовтың «Жаңа істердің жаңа көкжиегі» атты мақаласы ел газетінің 2-ші бетінде берілген. «Қорыта айтқанда, Жолдау баршаны жұмыла жұмыс істеуге шақырады. Демек, өмірдегі кездескен қиындықтарды көпшіліктің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара қимылдауымен ғана еңсеруге болады. Қазақстандықтардың бүгінгі ниеті де осы ұстанымға тоғысқан», дейді мақала авторы.

 Мәжілісте тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша түзетулер енгізуді көздеген заң жобасы талқыланғанда жұмыс тобына жетекшілік жасаған депутат Шафхат Өтемісовпен сұхбат «Мақсатымыз - үлескерлердің мүддесін қорғау» деген тақырыппен берілген.

 ҚР ҰҒА академигі Айтмұхамбет Абдулиннің «Қазақстан минерагениясының мол мүмкіндіктері» атты мақаласын «Егемен Қазақстан» газетінің соңғы бетінен оқуға болады. Ғалым еліміздің минералды шикізат ресурстарына талдау жасай келіп, «Қазақстанның минерагениясы мен минералды шикізат қорларын дамыту болашағы» атты еңбектің Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғаны орынды екенін атап өткен.

  ***

 «Адамдар аяқтарымен «таңдау» жасайды». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің бүгінгі санында мақала жарық көрді. «Министрлер кабинетінің кешегі кезекті отырсында отандық денсаулық сақтау саласында алда болатын «революцияның» жөн-жосығы мен жоба-жоспары жасалып, мақұлданды. Ол енді бұрынғы Кеңес кезінен қалған, әбден сіресіп қалған жүйені «төңкеріп» тастауға тиіс», дейді басылым тілшісі.

  «Айқын» газетінің «Ақ сөйле» айдарында шығыстанушы ғалым, профессор Өтеген Күмісбаевтың сұхбаты «Хаққа жол іздеуіме Шығыс шайырлары себепші болды» деген тақырыппен берілген.

 Сондай-ақ осы басылымда Қазақстанда тұрғанына 7 жыл болған француз журналисі Гаэль Гишар-Щербинамен арадағы сұхбат «Қазақстан маған адами жағынан құндылығы басым ел сияқты» деген тақырыппен жарияланған. «Басқа байлықтарын айтпағанның өзінде, Қазақстан маған адами жағынан құндылығы басым ел болып сезілді. Сіз менің бұл сөзімді түсініп отырған шығарсыз. 1999-2000 жылдары Ресейде өмір сүріп, олардың шетел адамына деген шовинизмін, жалған патриотизмін көргеннен кейін Қазақстан мен үшін құшағы ашық ел болды. Осының бәрін елеп-екшеп мен осы елде ұзақ уақыт тұрақтауға бел шештім», дейді француз журналисі.

 ***

 «Астана ақшамы» газетінде «Қалада қыдыру қанша тұрады?» деген тақырыппен жарық көрген мақалаға елорданың көрікті жерлеріне, демалыс орындарына кіру құнына  шолу жасаған тілші зерттеуі арқау болған. «Былтырдың өзінде елордаға 300 мың адам қыдырып келіпті. Оның 250 мыңы - өз отандастарымыз. Бірақ бас қаланы бір күн аралауға қалтасындағы ақшасын қорадағы малымен байланыстыратын ауылдағы ағайынның «бір қойлық» әмияны жетер ме екен өзі? Гәп - сонда», дейді газет тілшісі.