Бейжің Вашингтонды екіжақты қарым-қатынасты жақсартуға шақырды

БЕЙЖІҢ. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Вэнь Цзябао жексенбі, наурыздың 14-і күні Бейжіңде өткен баспасөз мәслихатында АҚШ-ты екіжақты қарым-қатынастарды жақсартуға күш салуға үндеді.

Вэнь Цзябаоның айтуынша, қалыптасып отырған қытай-американ қатынастары Қытайдың сыртқы саясатындағы ең маңызды мәселе болып табылады. Бірақ та, Тайваньға миллиардтаған сомаға қару-жарақ жеткізуге мәміле жасау туралы Вашингтонның мәлімдемесі мен Далай-ламаның Құрама Штаттарға сапар жасауы екі ел арасындағы қарым-қатынасты қиындатып жіберді, себебі «американ тарапының бұл әрекеттері Қытайдың мемлекеттік егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғушылық болып табылады».

Қытай үкіметінің басшысы сондай-ақ американ долларының орнықтылығына қатысты алаңдаушылық білдіріп, АҚШ банктерінде сақтаулы ұзақмерзімдік қазыналық облигациялардың қауіпсіздігіне Бейжіңнің көзін жеткізу үшін Вашингтонды «табанды шаралар қабылдауға» шақырды.

«Американ валютасының кез келген тербелісі Қытайда алаңдаушылық туғызуда. Бейжің, елдің қаржылық активі туралы сөз болып отырған кезде, кішкентай да қателікке жол бер алмайды», деп атап көрсетті Қытай премьері.