Биыл Өзбекстан Қазақстаннан қанша тонна бидай сатып алады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биыл Орталық Азияда Қазақстанның астығына әдеттегідей сұраныс жоғары. Әсіресе, Өзбекстан ірі тұтынушы ретінде қала бермек. Мұндай пікір көршілес елдің астанасында өткен Орталық Азияның астық экспорттаушы және импорттаушы компанияларының форумында айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Pexels

Осы күндері елімізде орақ науқаны жүріп жатыр. Жоба бойынша биыл ел қамбаларына 20 млн тонна астық жиналмақ. Тиісінше, жиналған өнімді эскпортқа шығару үшін нарықты алдын-ала бағамдау ісі басталды.

«Форумға Қазақстаннан астық және май өнімдерін сатып алатын кәсіпкерлерді шақырдық. Бұл іс-шара төртінші рет өтіп отыр. Биыл Қазақстаннан 100-ге жуық ірі өндіруші келді. Бұл салада Өзбекстан қалыптасқан нарық саналады. Бізде бидай импорттаушылардың үлесі басым», — деді өзбекстандық астық тасымалдау компаниясының басшысы Алишер Махмудов.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Бүгінде Өзбекстанда 500-ге жуық диірмен бар. Кейінгі жылдары бұл елде ұн шығаратын кәсіпорындар саны көбейе түскен. Тиісінше, астық импорты да артып келеді.

«Қазір Қазақстан 4-ші сыныпты бидайдың бір тоннасына — 180, ал 3-ші сыныпты бидайға 220 доллар көлемінде баға белгілеп отыр. Бізге көбіне 4-сыныпты бидай керек. Өйткені, содан жасалған ұн Ауғанстан нарығында сұранысқа ие», — деді өзбекстандық кәсіпкер Нұрлан Тәжібаев.

Өзбекстан жыл сайын Қазақстаннан 4 млн тоннаға жуық бидай сатып алады. Мамандардың айтуынша, биыл да көрсеткіш осы шамада болады.

Қазақстандық өндірушілер жиналатын астықты уақытылы құрғатып үлгерсе, ахуал жақсарады. Бірақ ылғалдың көп болуы — жылда қайталанатын жағдай. 

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Оны біржола шешу үшін «Kazgrain» қауымдастығы астықты кептіру құрылғыларын көбейтіп, тасымал саласына арнайы жеңілдік жасауды ұсынып отыр.

«Бізге мемлекет тарапынан көптеген демеу керек болады. Соның ішінде тасымалға қатысты жеңілдіктер. Қазір ҚТЖ күн сайын тарифті көтеріп жатыр. Егер ол сұраныс жоқ кезде көтерілсе, кәсіпкерлерге ауыр тиеді. Мәселен, бұған дейін 185 доллардан өткізіп келген бидайды тариф көтерілгенде экспортқа шығара алмай қаламыз. Сондықтан жан-жақты зерделеп, ортақ тиімді шешімге келуіміз қажет», — деді «Kazgrain» ұлттық экспорттаушылар қауымдастығының төрағасы Зейнулла Әбдуманапов.

Қазақстандық астық өндірушілер үшін тағы бір тартымды нарық — Ауғанстан. Қазақ-өзбек кәсіпкерлерінің кездесуі аясында бұл елге бидай және ұн тасымалын арттыру мәселесі талқыланды.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Қазір бірқатар ауғанстандық кәсіпкер Өзбекстандағы диірмендерді жалға алып жұмыс істеп жатыр. Олар да қазақ бидайының бағасын сырттай бақылауға кіріскен.

«Егер біз 20 млн тонна бидай жинайтын болсақ, өткен жылдан қалған қалдықты қосқанда 25-26 млн тонна болады. Қазақстанның нарығына 6 млн тонна керек, 1 млн тонна азық-түлік қауіпсіздігіне қалса, жалпы керек көлем 7 млн тонна болады. Қалғанын экспортқа шығару керек», — дейді Зейнулла Әбдуманапов.

Қоса кетсек, бұған дейін белгілі аграрлық сарапшы Төлеутай Рахымбеков биылғы жаңбырлы жаз астықтың экспорттық сапасына қалай әсер еткені туралы пікір білдірген еді. Оның пайымынша, бидайдың экспорттық бағасы 2,5 есе арзан болады.