Биыл Ұлттық қорға 3,7 трлн түсіп, трансферт ретінде 5,3 трлн теңге алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның халықаралық резервтері 105 млрд долларға жетті. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.
- Қарашаның нәтижесі бойынша жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 9,5 пайызға өсіп, 105 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан 23 пайызға артып, 44,2 млрд долларға жетті, - деді Тимур Сүлейменов.
Оның дерегінше, Ұлттық қордың активтері жыл басынан 1,3 пайыза ұлғайып, 60,8 млрд долларды құрады.
- Жыл басынан қорға түскен қаражат сомасы 3,7 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке берілетін трансферттер көлемі 5,3 трлн теңге болды. Ұлттық қордың инвестициялық табысы 9,5 пайыз немесе 5,7 млрд долларды құрады, - деді Ұлттық банк төрағасы.